Алматы әкімі Дархан Сатыбалды сумен жабдықтау, жылумен қамту және электр энергетикасы салаларындағы кәсіпорындардың диспетчерлік қызметінің жұмысымен, сондай-ақ қаланың инженерлік инфрақұрылымын басқаруда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу барысымен танысты, деп хабарлайды Qazyr.kz.
Әкімнің цифрлық шешімдермен танысуы «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының диспетчерлік қызметінен басталды. Мұнда су құбыры мен кәріз желілерінің жай-күйін онлайн режимде бақылауға, қысым деңгейін қадағалауға және апаттық бригадалардың жұмысын жедел үйлестіруге мүмкіндік беретін орталықтандырылған басқару жүйесі таныстырылды. Барлық негізгі үдерістер бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген, бұл тәуекелдерді дер кезінде анықтап, нақты деректерге негізделген шешім қабылдауға жол ашады.
Келесі нысан — «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нің диспетчерлік қызметі. Онда қаланы жылумен қамтуды орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмысы көрсетілді. Жүйе нақты уақыт режимінде желілердің жұмыс параметрлерін бақылап, жүктемені талдайды және мәселелі аумақтарды жедел оқшаулауға мүмкіндік береді. Цифрлық платформаларды пайдалану жылумен қамту жүйесін дәл әрі болжамды басқаруға негіз болады.

Сапар барысында «Алматы электр станциялары» АҚ-ның орталықтандырылған бақылау пунктіне де ерекше назар аударылды. Мұнда жасанды интеллект элементтері қолданылатын жаңғыртылған бейнебақылау жүйесі енгізілген. Өндірістік нысандарда 1,5 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, олар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, өртке қарсы талаптар және еңбек тәртібінің сақталуын бақылау мақсатында пайдаланылады.
Бейнеталдау жүйесі құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға, адами фактордың әсерін азайтуға және орталықтандырылған бақылау арқылы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын мәліметінше, 2025 жылдың маусым–тамыз айлары аралығында өндірістегі құқықбұзушылықтар саны шамамен 66 пайызға қысқарған. Бұл енгізілген цифрлық шешімдердің тиімділігін көрсетеді.
Сонымен қатар бірқатар нысанда үдерістердің ашықтығын арттыруға бағытталған автоматтандырылған есепке алу жүйелері енгізілгені айтылды.
Алматы әкімі қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерге цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу нақты нәтижеге — негізгі инженерлік инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін, сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.

