Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБілімэкономика

Газотермикалық шашу – отандық индустрияға жаңа «сауыт»

Amanzholov University ғалымы Гүлсім Бектаева полигонға кететін қалдықты ресурсқа айналдырып, газотермикалық шашу арқылы тозуға берік, коррозияға төзімді қорғаныш жабындар жасауда. Ғалымның жобасы экология мен экономиканы бір арнаға тоғыстыратынымен ерекшеленеді. Өз кзегенде Гүлсім Бектаева сайтымыздың тілшісіне сұхбат беріп, ғылыми идеядан бастап сертификаттауға дейінгі бүкіл тізбекті түсіндіріп берді.

 

– Гүлсім ханым, өндірістік қалдықты «қиындық» емес, «құндылық» деп қарастыратын жобаңызды қалай бастадыңыз?

– Менің байқағаным ғылым көп жағдайда үлкен ұраннан емес, қарапайым сұрақтан басталады. Amanzholov University-де материалтанушылар, технологтар, жас инженерлер бас қосып, қалдықтың химиялық құрамын мұқият талдадық. Қарасақ, күріш қауызында – кремний диоксиді, күнбағыс қауызында – калий оксиді, жылу электр станциясының ұшпа күлінде – қоспалауға келетін минералдар бар екеніне көз жеткіздік.

Газотермикалық шашу арқылы осы ұнтақтарды металл мен керамика бетіне отырғызып, тозуға берік, коррозияға төзімді қорғаныш қабатқа айналдыруға болатынын тәжірибе көрсетті. Біз жобаны сол сәттен экология мен экономиканың бір жерден шығатын шешім екеніне көз жеткіздік.

– «Газотермикалық шашу» дегенімізді халыққа түсінікті тілмен қалай сипаттауға болады? – Ұнтақты өте ұсақ түйіршікке дейін дайындайсыз, жоғары температурада балқытып не жұмсартып, өте жоғары жылдамдықпен бағыттайсыз. Әр түйіршік соғылып, қабат-қабат жабысады да, біртұтас жабынға айналады. Қалыңдығын миллиметрдің жүзден бірінен бірнеше ондаған жүздікке дейін реттеуге болады. Мұны көптеген заттарға пайдалануға болады.

– Жобада қандай қалдықтар негізгі ресурсқа айналатынын айта кетсеңіз?

– Үш бағытты қатар дамытып отырмыз. Біріншісі, күріш қауызынан алынған кремний диоксиді (SiO₂) негізіндегі биокомпозитті жабын. Екіншісі, шыны өнеркәсібінің қалдықтарынан шыны-керамикалық қабаттар. Үшіншісі, күріш қауызынан алынған кремний карбиді (SiC) пен күнбағыс қауызынан алынатын калий оксидіне (K₂O) сүйенген композициялар.

Бұған қосымша – жылу электр станцияларындағы ұшпа күл де біздің маңызды ресурсымыз болады. Оны легирлеу арқылы берік, ұзақ қызмет ететін қорғаныш қабатқа айналдырамыз. Қысқасы, «қалдық» деген сөзді «қосылған құн» ұғымына ауыстыруға болады.

– Бұл жабындар нақты өндірісте нені өзгертеді?

– Тозу кез келген цехтың жасырын шығыны. Қорғаныш қабаты тозуды баяулатады, жоспардан тыс тоқтауды азайтады, жөндеуді сиретеді. Нәтижесінде, тораптың «өмірі» ұзарады, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Бір кәсіпорынның үнемі – бүкіл нарықтағы бағаның тұрақтылығына ықпал ететін тізбек.

Бұдан басқа полигонға кететін қалдық азаяды. Біз оны шикізатқа айналдырамыз. Бұл – ауаның, топырақтың ластануын тоқтатады. Қорғаныш қабатының өзі де ұзақ қызмет ететіндіктен, ауыстыру жиілігі азаяды, демек өндірістегі материал тұтыну көлемі де қысқарады.

– «Қауіпсіздік талаптары қалай сақталады?» деген сауал да туындайды…

– Алдымен шикізатты тазартып, зиянды компоненттерін рұқсат етілген деңгейден төмен түсіреміз. Дайын жабын адгезия, қаттылық, коррозияға және термошокқа төзімділік бойынша сынақтан өтеді. Пайдалану кезінде бөлінуі мүмкін бөлшектерге қатысты да санитарлық нормалар сақталады.

– Ал халықаралық ынтымақтастық не береді?

– Universiti Sains Malaysia және Sultan Idris Education University жас зерттеушілерімен серіктестікке дайындалып жатырмыз. Малайзиялық әріптестер коррозияның тропиктік сценарийлерін, биогенді қалдықтарды жоғары қосылған құнға айналдыру әдістерін жақсы меңгерген. Бізде – континенттік климат, энергетикалық күл, дәнді дақыл қалдықтары көп. Екі тәжірибені тоғыстырсақ, шешімдеріміздің ауқымы кеңейеді.

– Жас ғалымдар бұл процеске қалай тартылып жатыр?

– Магистранттар мен докторанттар тек лабораторияда емес, өндірістік алаңда да жұмыс істейді. Олар өлшеу жасайды, микроструктураны талдайды, регламент рәсімдейді. «Темірдің тілін» сол жерде түсінеді. Бұл – білімді біліктілікке айналдыратын мектеп.

– Әңгімеңізге рахмет, Гүлсім ханым.

Ұқсас жаңалықтар

Юлия Галышева әлем кубогында Қазақстанға қола медаль әкелді

redaktor_qazyr

Иводзима үшін шайқас

redaktor_qazyr

Bloomberg: Трамп Путинді келіссөздерге дайындап жатыр

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz