Уақыт шіркін тоқтамайды. Кеше ғана ғылым жетістік деп санаған нәрсе бүгін ескіріп үлгереді. Қазір жаңа ой, тың идея мен озық технология адамзаттың алға басуының басты кепілі болып отыр. Осы ретте инновациялық жобалар мен стартаптардың рөлі айрықша.
Инновация дегеніміз бұрын болмаған тың шешім, жаңа әдіс. Ал стартап сол тың ойды нақты іске айналдыратын шағын, бірақ батыл қадам. Әлем тарихына көз жүгіртсек, Apple, Microsoft, Google сияқты алыптар да кезінде қарапайым стартап ретінде дүниеге келген еді. Қазіргі таңда Қазақстанда да бұл бағытқа қызығушылық артты. 2023 жылғы мәлімет бойынша елімізде 1000-нан астам стартап тіркелген. Олардың басым бөлігі IT саласында жұмыс істейді. Мысалы, Kaspi.kz — бүгінде еліміздің ең табысты финтех компанияларының бірі, ал алғашында небәрі шағын жобадан басталған еді. Сондай-ақ Astana Hub — Орталық Азиядағы ең ірі IT стартаптар технопаркі. Мұнда жыл сайын жүздеген жас өз жобасын қорғап, инвестор табуға мүмкіндік алады. Мысалы, 2022 жылы Astana Hub стартаптары жалпы 150 миллион доллардан астам инвестиция тартты. Бұл — отандық стартаптардың қарқын алып келе жатқанының дәлелі. Инновация тек табыс көзі емес, ол қоғам мәселесін шешуге де бағытталады. Мысалы, ауыл шаруашылығында смарт-фермалар ашылып жатыр. Осының арқасында суды үнемдеу, өнімділікті арттыру мүмкін болып отыр. Елімізде жас ғалымдар түрлі экологиялық, медициналық, білім беру саласында да стартап жасап жүр.
Инновациялық жобалар мен стартаптар — тек идея емес, ол — батылдық пен еңбекке негізделген жетістікке апарар жол. Қазіргі заманда кім жаңа ойлап табады, сол алға шығады. Сондықтан мемлекет те жастардың стартаптарына грант бөліп, акселерация бағдарламаларын іске асырып отыр. Ал жастардың мойнындағы міндет — жалындаған арманды іске асыру, қорықпай тәжірибе жасау. Ертеңгі Kaspi, Google немесе Tesla біздің елден шықпасына кім кепіл? Ендеше, тың ойға шектеу жоқ, тек еңбек пен табандылық керек.
Авторы — Ақбота Баймахан