Жетісу облысының Алакөл ауданы соңғы жылдары еліміздегі туризмнің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Шипалы суымен әйгілі Алакөл көлі мен оның айналасындағы көрікті мекендер жаз мезгілінде мыңдаған отандық және шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырып отыр деп хабарлайды Qazyr.kz
Туристердің қызығушылығын арттыру үшін облыс әкімдігі мен аудан басшылығы көл жағалауын абаттандыру, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында нақты шаралар атқарып келеді.
Соңғы үш жылда Жетісу облысы Алакөл ауданына келген туристердің саны 4,8 миллионға жуық адамға жетіп, оларға 29,4 миллиард теңгенің қызметі көрсетілгені өңір туризмінің қаншалықты серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай көрсеткішке жету үшін бірнеше жылдан бері аудан әкімдігі инфрақұрылым мен инвестиция тартуға басымдық беріп отыр. Биылдың өзінде 51 жаңа жұмыс орны ашылған 17 туристік нысан іске қосылып, 2,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, 500 орындық 3 ірі туристік нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Алакөл ауданы әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, экономиканың негізгі қозғаушы күші – инвестиция екені сөзсіз. Сол себепті үш жыл ішінде ауданға тартылған инвестиция көлемі 305,9 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асқан 5 ірі жоба аясында 432 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сол жобалардың бірі – «Достық-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы. Қазір аудан аумағынан өтетін 134 шақырым теміржол учаскесі салынып жатыр. Сонымен қатар биыл «Дар Раил» серіктестігі ірі логистикалық парк құрылысын бастайды деп жоспарланған. Мұның бәрі аудан экономикасын әртараптандыруға және туризммен қатар көлік-логистика әлеуетін дамытуға жол ашпақ.
Туризмді дамытуға жағдай жасау тек қонақ үйлер мен жағажайлармен шектелмейді. Құрылыс саласында да қарқын бар: соңғы үш жылда 79,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылдың өзінде 8,3 мың шаршы метр үй халық игілігіне берілді. Бұл көрсеткіш аудандағы халық санының өсуіне, еңбек миграциясының артуына байланысты сұранысты қанағаттандырып отыр.
Әлеуметтік инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде аудан аумағындағы елді мекендердің 92,8 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде: соңғы үш жылда аудандық маңызы бар 44,3 шақырым жол жөнделген. Биылдың өзінде 10 елді мекендегі 24 көше орташа жөндеуден өтпек.
Алакөл ауданы тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі – білім беру және денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымның жаңаруы. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Достық ауылында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу орны биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, соңғы жылдары бір фельдшерлік-акушерлік пункт пен жеті блокты медициналық пункт орнатылған. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін жақсартады. Алдағы уақытта да әлеуметтік нысандар құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Алакөл тек жағажай демалысымен шектелмейді. Табиғи қорықтар, құстарды қорғау аймақтары, ауыл туризмін дамыту әлеуеті жылдан-жылға кеңейіп келеді. Көл жағалауы сирек кездесетін реликті шағаланың мекені ретінде де ғылыми және туристік қызығушылық тудырады. Сол себепті экотуризм мен этнотуризмді қатар дамыту үшін жергілікті билік пен кәсіпкерлер жаңа жобаларға басымдық беруде.
Жетісу облысы әкімдігі Алакөлдің инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртып, туризмді өңір экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналдыруға мықтап кіріскен. Туризм саласын қолдауға бағытталған кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Оған қоса, цифрлық сервистерді дамыту, туристерге арналған онлайн брондау жүйелерін енгізу, қауіпсіздікті күшейту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда.
Жалпы, Алакөл ауданы облыстың әлеуеті мол шекаралық аймағы ретінде көлік-логистикалық мүмкіндіктерімен де ерекшеленеді. Сондықтан аудан басшылығы туризммен қатар өнеркәсіп, логистика бағыттарын да қатар дамытып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруды мақсат етіп отыр.
Туризм – жаңа жұмыс орындары, халық табысының өсуі және аудан экономикасының дамуы үшін зор мүмкіндік. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, Алакөл өңірі алдағы жылдары Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі ғана емес, халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналары сөзсіз.