Qazyr.kz порталы
Аймақэкономика

Қаржылық қауіпсіздік: Алматыда заңсыз микроқарыз ұйымдарына қарсы күрес нәтижелері жарияланды

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өңірдегі заңсыз микрокаржылық ұйымдармен күрес барысын жария етті. Заңсыз микронесиелеуді тоқтату жұмысы Президент айқындаған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатыр деп хабарлайды Qazyr.kz

Мамандардың айтуынша, комиссиялық дүкендер, автокөлік жалдау компаниялары мен түрлі онлайн-платформалар түрінде жұмыс істеген көлеңкелі микрокредит беру схемалары анықталған. Департамент өкілдері мұндай ұйымдардың тауар сату немесе жалға беру келісімдерін микрозайм берудің жасырын тәсілі ретінде қолданғанын мәлімдеді.


Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде кейбір компаниялар клиенттермен «тауар сатып алу» туралы келісім-шарт жасап, заттарды іс жүзінде кепіл мүлкіне айналдырғаны, кейін сол тауарды қайта сатып немесе жалға беріп, жасырын пайыздармен қосымша табыс тапқаны анықталды.

Департамент басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиевтің айтуынша, дәл осындай заңсыз схемалар бойынша қалада 14 заңды тұлға мен 1 жеке тұлғаға қатысты қылмыстық іс тіркелген.

«Тергеу аясында 6 МҚҰ-ға, оның ішінде Creditum және Sofi Finance ұйымдарына қатысты іс сотқа жолданды. Қарыз алушылар кепілдік шарт түрінде рәсімделген микроқарыздар үшін алған сомадан 3–5 есе көп төлеуге мәжбүр болғаны белгілі болды», – деді ол.


Заңсыз қызметтің жолын кесу және азаматтардың шығынын өтеу мақсатында 42,6 млрд теңгенің мүлкіне арест қойылды.
Сонымен қатар зардап шеккен азаматтардың негізгі қарызы бойынша 1,6 млрд теңге кешірілді, өтінішпен жүгінгендердің шығыны толық өтелді.

Алматы прокуратурасы әлеуметтік осал санаттағы 60 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғау үшін сотқа талап арыз берген.

Лицензиясыз онлайн-қызмет көрсетушілер де әшкереленді
Тергеу барысында «Aiken Tech» ЖШС-нің 7PAYda.kz порталы арқылы 7 мыңнан аса адамға 10 млрд теңгеден астам заңсыз микрозайм бергені дәлелденді. Компанияның қызметі толық тоқтатылды.

Сонымен бірге «Comfort Time» ЖШС-нің жалған зейнетақы аударымдарын пайдаланып, азаматтардың төлем қабілетіне қатысты жалған мәліметтер жасағаны анықталды. Бұл әрекеттер нәтижесінде 400 млн теңгеден астатын 140 қайтарымсыз кредит рәсімделген.

Заңнамаға өзгерістер және жаңа институт енгізу бастамасы
Сотқа дейінгі тергеулердің нәтижесінде қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда:

  • микрокредит беру саласындағы тәуекелдерді азайту,

  • тұтынушылар құқығын қорғау тетіктерін күшейту,

  • микроқаржылық омбудсмен институтын енгізу жөнінде заңнамалық өзгерістер бастамалануда.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті заңсыз микрокредит беру схемаларына қарсы күрес жалғасатынын, елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

Орал қаласында жаңартылатын энергия технологиялары таныстырылды

admin_qazyr

Салық азайып, жалақы өседі

admin_qazyr

Дархан Сатыбалды: «Келешек мектептерінің» құрылысы тамыз айына дейін аяқталуы тиіс

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz