Qazyr.kz порталы
Білім

Қазақстанда мектепке дейінгі білім саласының өрісі кеңейіп келеді

Баланың алғашқы қадамы, оның болашағына салынған алғашқы кірпіш екені анық. Сол себепті елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін кеңейту ісі соңғы жылдары ерекше қарқын алды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2023-2027 жылдарға арналған жаңа жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Оның нәтижелері қазірдің өзінде көзге көрініп, жүрекке сенім ұялатады.

Жарты жылдың ішінде елімізде 172 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылып, 13,2 мың орынға бала қабылданды. Қазірдің өзінде елімізде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93 пайыздан астамы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Бұл көрсеткіш – еліміздегі білім саясатының жаңа белеске көтерілгенінің айқын дәлелі.

Жаңа орындар тек жаңа ғимараттар салу арқылы емес, қолданыстағы балабақшаларды кеңейту, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын орталықтар ашу сияқты тәсілдер арқылы да іске асуда. «Ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша енгізілген ваучерлік қаржыландыру тетігі бұл жүйені икемді етіп, ата-аналарға таңдау мүмкіндігін берді.

Бүгінде ваучерлік қаржыландыру еліміздің 19 қаласы мен 7 ауданында іске асырылып, 300 мыңға жуық бала балабақшаға баруға мүмкіндік алды. Осы арқылы кезек 44 пайызға қысқарды.

Балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналары да назардан тыс қалған жоқ. Оларға арналып консультациялық пункттердің саны арта түскен. Егер жыл басында мұндай орталықтар 4,2 мың болса, қазір 5,5 мыңға жетті. Бұл ата-анаға бағыт-бағдар беріп, баланы үйде тәрбиелеудің сапасын арттыруға арналған қадам.

Сонымен қатар мемлекет қолданыстағы балабақшалардың жағдайын жақсартуға да ерекше көңіл бөлуде. 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база нығайтылып жатыр. Баланың тәрбиеленетін орны қауіпсіз, жарық әрі жылы болуы тиіс. Бұл – тек білім беру мекемесінің емес, қоғамның да талабы.

Қазір еліміз бойынша 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш Қазақстанның демографиялық өсімін, білім саясатының ауқымын, ең бастысы келешекке деген жауапкершілігін айқындайды. Мектепке дейінгі тәрбие ұлттың интеллектуалды әлеуетінің іргетасы. Әлем елдері дәл осы кезеңге аса көңіл бөледі. Өйткені балаға алғашқы жылдарында салынған білім мен тәрбие өмір бойына жолсерік болады.

Қарапайым халық үшін бұл реформалардың маңызы зор. Қазір бұрынғыдай балабақша кезегіне жылдап тұрып, жүйкені жұқартудың қажеті азайды. Жаңа орындар ашылған сайын ата-ананың таңдау мүмкіндігі көбейеді, ауылдағы, қаладағы бала тең дәрежеде сапалы тәрбие алады.

Нұрлан Қазығұлов

Ұқсас жаңалықтар

Құдаша

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz