Qazyr.kz порталы
Жаңалықтар

Құстарға арналған қамқорлық: 50 студент Алмарасан шатқалында ерекше акция өткізді!

Экология

Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің 50-ден астам студенті Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, «Green Team: Қанат қаққан қамқорлық» экологиялық тимбилдингіне қатысты.

Жастардың экологиялық мәдениетін нығайту, табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулу мақсатында ұйымдастырылған шара Медеу филиалының Алмарасан шатқалында өтті.

Экологиялық тимбилдинг Іле Алатауы паркінің 30 жылдық мерейтойы аясында, сондай-ақ республикалық «Таза Қазақстан» акциясының мақсаттарымен үндесіп ұйымдастырылды.

Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Шараның кіріспесінде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туризм маманы Назира Жанатбекқызы студенттерге арнайы лекция оқып, қыс мезгілінде таудағы қауіпсіздік ережелері мен ықтимал қатерлер туралы ескертті. Атап айтқанда, қар көшкіні, тайғақ жолдар мен ауа райының күрт құбылуы жағдайында қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.

«Табиғат аясындағы демалыс жауапкершілікті талап етеді. Әрбір студент тауға шыққанда қауіпсіздік ережелерін біліп, төтенше жағдайларға дайын болуы керек. Бүгінгі шара осыны саналы түрде ұғынуға бағытталған», – деді Назира Жанатбекқызы.

Құстарға қамқорлық – ортақ іс

Тимбилдингтің практикалық кезеңінде студенттер арнайы ағаш ұялар жасап, оларды табиғи ортаға орнатты. Бұл бастама арқылы жастар құстар әлемін қорғауға нақты үлес қосып, биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын көрсетті.

Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Маратқызы:

«Экологиялық сана – жастар тәрбиесінің негізгі бағыттарының бірі. Бүгінгі акция арқылы студенттеріміз табиғатпен тығыз байланыста екенін түсінді. Экология мәселесін тек теорияда емес, нақты істермен көрсетуге тырыстық», – деп атап өтті.

Шара соңында студенттер экологияға қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісіп, алған әсерлерін ортаға салды.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте полиция есірткі зертханасын жойды

redaktor_qazyr

Қазақстан сұйытылған газды шетке шығаруға тыйымды тағы жарты жылға ұзартты

admin_qazyr

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz