Минскіде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес пен ТМД аясындағы іс-шараларға Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Ол Беларусь президенті Александр Лукашенконың үкімет басшыларымен өткізген ұжымдық кездесуінде болды.
Кездесуде өзара сауда мен экономикалық байланыстарды дамыту, өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету және перспективалы салалардағы бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырыстарына Беларусь премьер-министрі Александр Турчин, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғызстаннан Адылбек Қасымалиев, Армения вице-премьері Мгер Григорян (онлайн форматта) қатысты.
Сонымен қатар ЕАЭО-ға бақылаушы мемлекеттердің өкілдері – Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, Иран өнеркәсіп, шахталар және сауда министрі Сейед Мохаммад Табак, Куба өнеркәсіп министрі Элой Альварес Мартинес келді. Шақырылған елдер қатарынан Әзербайжан премьер-министрі Али Асадов қатысты.
Жиында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бахытжан Сағынтаев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және өзге де ұйым басшылары сөз сөйледі.

