Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумына қатысып, еліміздегі аграрлық саланың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы форум барысында ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел дамуына қосқан үлесіне алғыс білдірді деп хабарлайды Qazyr.kz
Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығының стратегиялық рөлін атап өтіп, форумға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мамандардың ұсыныстары агросаланы одан әрі жетілдіруге ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар Президент халық даналығына сүйеніп, «Егін ексе – ел тоқ» деген қағиданың маңызын атап өтті. Ол өткен жылғы рекордтық өнім көлемін еске алып, биылғы науқанның нәтижелерімен бөлісті. 2025 жылғы орақ науқаны барысында еліміздің аграрлары 27 млн тонна астық жинады. Ең жоғары көрсеткіш Ақмола облысына тиесілі – 7,5 млн тонна.
Тоқаев ауылдық аумақтардың әлеуметтік маңызын да тілге тиек етті. Бүгінде ел халқының 37%-ы немесе 7,5 млн адам ауылда тұрады. Президент ауыл – халықтың рухани тамыры әрі ұлттың тірегі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы агросектордағы реформалар мен экономикалық өсім динамикасына да тоқталды. Соңғы жылдары салада тұрақтылық қалыптасып, негізгі көрсеткіштер жақсарған. Биылғы он айда ел экономикасының өсімі 6,4%-ға жетті. Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар 20%-дан асып, 790 млрд теңгеге жеткен. Ал соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3%-ға артты.
Президент Қазақстанның аграрлық әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын да айтты. Қазақстан әлемде жайылым көлемі бойынша алтыншы, ал егістік жер көлемі бойынша сегізінші орында. Сондықтан бұл ресурстарды тиімді игеру – басты міндет.
Сөз соңында Тоқаев алдағы жылдарға арналған стратегиялық мақсаттарды айқындап, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін тағы да екі есеге арттыру міндетін қойды.
«Ұлттық даму жоспары бекітілді. Ендігі мақсат – сапалы жұмыс пен нақты нәтижеге қол жеткізу», – деді Президент.

