Qazyr.kz порталы
ӘлемМұнай-газ саласы

Венесуэла мұнайы АҚШ-қа берілмек: Каракаста билік ауысып, халықаралық дау күшейді

АҚШ-тың  президенті Дональд Трамп Венесуэлада уақытша билік өкілдері АҚШ-қа 30–50 миллион баррель көлемінде жоғары сапалы, санкцияға іліккен мұнай беруге келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazyr.kz. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Трамптың айтуынша, аталған мұнай танкерлерге тиеліп, тікелей АҚШ-тағы түсіру терминалдарына жеткізіледі. Ол Энергетика министрі Крис Райтқа бұл жоспарды дереу іске асыруды тапсырғанын атап өтті. Сонымен қатар мұнай нарықтық бағамен сатылып, түскен қаржы АҚШ президентінің бақылауында болатынын жеткізді. Трамп бұл қаражат Венесуэла мен АҚШ халқының игілігіне жұмсалатынын мәлімдеді.

Алайда бұл мәлімдеме Венесуэлада соңғы күндері қалыптасқан күрделі саяси ахуал аясында жарияланды. 3 қаңтарда АҚШ Венесуэла аумағына жаппай соққы жасағаны хабарланды. Сол операция барысында ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілгені айтылды. Дональд Трамп олардың «наркотерроризмге» қатысы бар және АҚШ қауіпсіздігіне қатер төндірді деген айыптар бойынша сот алдында жауап беретінін мәлімдеді.

Алайда Мадуро мен оның жұбайы Нью-Йорктегі сот отырысында тағылған айыптарды толық жоққа шығарып, өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеген. Осы жағдайдан кейін Каракас АҚШ-тың әрекетіне байланысты БҰҰ-ның шұғыл отырысын шақыруды сұрады.

Венесуэланың Жоғарғы соты елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты президент өкілеттігін уақытша вице-президент Дельси Родригеске жүктеді. 5 қаңтарда Дельси Родригес Ұлттық ассамблея алдында ант беріп, Венесуэланың уақытша президенті ретінде қызметіне кірісті.

АҚШ-тың әрекеттері халықаралық деңгейде  кеңінен талқылануда. Ресей Сыртқы істер министрлігі Венесуэла халқымен ынтымақтастығын білдіріп, Николас Мадуро мен оның жұбайын босатуға шақырды және жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Мәскеуден кейін Бейжің де осындай үндеу жасап, АҚШ-тың әрекеттері халықаралық құқық нормаларын бұзады деп мәлімдеді. Сонымен қатар КХДР Сыртқы істер министрлігі де Вашингтонның қадамдарын қатаң сынға алды.

Сарапшылардың пікірінше, Венесуэла мұнайын АҚШ-қа беру туралы мәлімдеме тек экономикалық емес, сонымен қатар саяси мәнге ие. Бұл қадам аймақтағы күштер теңгеріміне, жаһандық мұнай нарығына және АҚШ-тың Латын Америкасындағы ықпалына әсер етуі мүмкін. Ал Венесуэладағы билік транзиті мен халықаралық қысым елдің болашақ саяси бағытына қатысты сұрақтарды одан әрі күрделендіре түсті.

Фото.https://ru.haberler.com/

Ұқсас жаңалықтар

Америкадан 369 қазақстандық депортацияланады

admin_qazyr

Александр Лукашенко жетінші рет Беларусь президенті болып сайланды

redaktor_qazyr

Илон Масктың өмірбаяны

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz