Qazyr.kz порталы
Қоғам

Волонтерлік – азаматтық қоғамның жүрегі

Волонтерлік – азаматтық қоғамның жүрегі. Қарапайым адамның қолынан келген көмегін өзгеге арнауы, уақытын бөліп, күш-жігерін жұмсауы қоғамның тұтастығына қосылған үлес. Осы орайда «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мен БҰҰ Волонтерлер бағдарламасы ұйымдастырған вебинардың мәні терең. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық адам қатысып, еріктілер қозғалысының қазіргі деңгейі мен болашағы талқыланды.

Спикерлердің сөзінен аңғарғанымыз – бүгінгі таңда волонтерлік қызмет тек қоғамдық шараға қатысу емес, толыққанды әлеуметтік институтқа айналған. Жастарға арналған халықаралық және ұлттық бағдарламалардың кең мүмкіндіктері бар. Оның ішінде толық қаржыландыруды қамтитын жобалар да бар екендігі айтылды. Алдағы уақытта волонтерлікке қатысу енді тек ынтаға ғана емес, кәсіби дамуға да жол ашатынын мүмкіндік болып тұр. Әсіресе БҰҰ Бас Ассамблеясының 2026 жылды Халықаралық Волонтерлер жылы деп жариялауы – бүкіл әлемде еріктілердің еңбегін мойындаудың жарқын белгісі.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрайымы Лима Диас сөзінде орталықтың осы саладағы қызметіне тоқталып, волонтерлікке арналған гранттық жобалардың жастарға берер мүмкіндігін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік бастамаларға белсене қатысатын жастар – қоғамның қозғаушы күшіне айналмақшы.

Вебинардың ең әсерлі сәттерінің бірі БҰҰ волонтері Марал Нуридиннің сөз сөйлеуі болды. Ол өзінің қарапайым еріктіден кәсіби деңгейге қалай көтерілгенін шынайы мысалдармен жеткізді. Оның тарихы жас қатысушыларға үлкен шабыт берді. Кез келген істің бастамасы кішкентай қадамнан басталатынын, бірақ сол қадамның артында үлкен өзгеріс жатқанын түсіндірді.

Бүгінде волонтерлік қызмет азаматтық қоғамның берік тірегі. Ол қайырымдылықтың ғана емес, әлеуметтік әділеттіліктің де кепілі. Бүгінгі жас ертеңгі күні ірі әлеуметтік жобалардың жетекшісіне айналуы мүмкін. Сондықтан да мұндай вебинарлар жаңа буынға жол көрсететін мектеп іспетті. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен халықаралық ұйымдардың әріптестігі – волонтерлікті дамытудың сенімді іргетасы.

Нұрлан Нығмет

Ұқсас жаңалықтар

ЕР АДАМ ЖАСПЕН ӨСПЕЙДІ, ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ӨСЕДІ!

redaktor_qazyr

Шерзат Болаттың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды

admin_qazyr

Жетісу облысында 35 643 жұмыс орны құрылды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz