Qazyr.kz порталы
АймақЖаңалықтарэкономика

Жетісу: жаңа өндірістер мен баламалы энергия көздері дамып келеді

Жетісу облысы халықаралық серіктестік аясын кеңейтіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруда. 2025 жылдың алғашқы айларында облыс экономикасына жалпы 330,3 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 35 млрд теңгесінен астамы шетелдік тікелей инвестициялар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп деп хабарлайды Qazyr.kz

Қазіргі таңда облыста 2,9 трлн теңге құны бар, 13 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 110 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Олардың қатарында металлургия саласындағы «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс комбинаты», «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағындағы халықаралық әуежай жобасы бар. Әуежай сағатына 500 адамға дейін жолаушы қабылдай алатын терминалды және 50 мың тонна жүк айналымын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды қамтиды.

Өңірде өндіріс пен өңдеуді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Чили, Пәкістан, Қытай және Қырғызстан инвесторлары қатысатын зауыттар, оның ішінде тегістегіш болат шар, газ-бетон блоктары, еден жабындары өндірілетін зауыттар мен ұн тарту кешендері іске қосылады.

Баламалы энергетика саласы да Жетісуда қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда жалпы қуаттылығы 251 МВт-тан асатын 18 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл Ескелді ауданында 26 МВт қуатты Қора су электр станциясы іске қосылды. Сонымен қатар жел генераторлары мен энергия сақтау жүйелері үшін зауыттар салу және 110 МВт қуатты күн электр станциясының жобалары жүзеге асырылуда.

Жетісу облысының инвестициялық саясаты агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған. Өңірдің стратегиялық артықшылығы – Қытаймен шекарадағы бес кеден бекеті және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автодәлізі.

Биыл 50,6 млрд теңге құны бар 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған, оның ішінде «Қайнар-АКБ» зауытының аккумулятор шығаратын желісін кеңейту, «Алмаз Керамикс» керамикалық плиталар шығару жобалары бар. «Қайнар-АКБ» зауыты Талдықорған қаласындағы өнеркәсіптің 33,6%-ын қамтиды және 1 200 адамға тұрақты жұмыс орны береді.

Жетісу облысына жыл соңына дейін тартылатын инвестиция көлемі 573 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр, оның 430 млрд теңгесі бюджеттен тыс инвестиция болады.

Ұқсас жаңалықтар

Алмалы ауданы толық бақылауда: аулалардан скверге дейінгі жүйелі тазалық

admin_qazyr

Биылғы жылы елімізде 300 мың орындық 200-ге жуық мектептің құрылысы жүреді

admin_qazyr

Жаңа ережелер: Алматы ауасын қорғау шаралары күшейтіледі

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz