Жетісу облысында «Жұмысшы мамандықтар: жаңа кезең, жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыпта форум өтіп, оған жұмыс беруші кәсіпорындар, білім беру мекемелерінің өкілдері, студенттер – жалпы саны 150-ден астам адам қатысты. Форум аясында өңірдегі колледждер мен іргелі кәсіпорындар арасында 10 меморандум жасалды,- деп хабарлайды Qazyr.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған меморандум өз кезегінде техникалық колледж студенттерінің тәжірибеден өтуіне және бітірушілердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Келісім жасалған кәсіпорындардың арасында «Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты, «Ақсу Қант» ЖШС, «JLC Сүт» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Казсушар» РМК Жетісу филиалы т.б. бар.
Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев өңірде жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға және қажетті кәсіптерге даярлауға бағытталған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Осы маңызды міндеттерді әлеуметтік серіктестермен бірлесіп атқарудағы жоспарларын да атап өтіп, бірлесіп жасалған жұмыстың нәтижелі болатынын жеткізді.
Мұнан соң бірқатар спикерлер білікті жұмысшы кадрларды даярлаудың негізгі мәселелері жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар студенттер Дмитрий Сунчинянов пен Шырын Болатбекқызы халықаралық стандарттардың білім беру үдерісіне интеграциялануы туралы өздерінің тәжірибелік бақылаулары жайлы айтты.
Форум барысында колледж түлектеріне олардың кәсіби біліктілігін растайтын және жұмысқа орналасуда басым құқық беретін «Алтын карта» тапсыру рәсімі атқарылды. Бұл ретте Текелі кәсіптік колледжінің «дәнекерлеуші», Сарқан политехникалық колледжінің «Электр жабдықтары», Бастөбе колледжінің «Аспаз» мамандығы бойынша бітірген жас мамандарын қабылдаған жұмыс берушілер қатарында «КазМұнайГазПромСтройСервис» ЖШС кәсіпорындары, «ИП Ли А.Д.», «ТАТЭК» АҚ бар.
Сонымен қатар іс-шара барысында «WorldSkills Kazakhstan 2024» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Форумда атап өтілгендей, бұл іс-шара білім беру мекемелері мен бизнес арасындағы тиімді байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болды, сондай-ақ жастардың болашағы бар жұмысшы мамандықтарын таңдауына қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Жалпы облыста 27 колледж бар, онда 13 900-ден астам студент оқиды. 2024 жылы мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 4250 орын болған, бюджеттік орындардың басым бөлігі ІТ, құрылыс, инженерия, металлургия сияқты техникалық мамандықтарға тиесілі.
Білім беру сапасын арттыру үшін өткен жылы өңірде 13 жаңа мамандық ашылса, биыл 14 жаңа мамандық ашу көзделген. Бұл қатарда өндірістің автоматтандырылған жүйелері, мехатроника, сәулеттік жобалау, орман және балық шаруашылығы сияқты мамандықтар бар. Бұл ретте 2025 жылы облыстағы колледждерге 4500 адамды қабылдау жоспарланған.
Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыста 70-тен астам іс-шара өтеді, соның ішінде «ZhetysuFest», «WorldSkills Zhetysu 2025» және «AgroSkills-2024» чемпионаттары, сондай-ақ студенттерге арналған кәсіби конкурстар ұйымдастырылады.
Сол сияқты облыс әкімінің қолдауымен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында жұмысшы мамандықтар алаңына айналатын «Zhetysu Skills» орталығы салынады.
Фото ©Дмитрий Ерофеев