Қолда 10 миллион теңге жинақ болса, бір ғана баспанамен шектелмей, қатар екі пәтер сатып алып, біреуін табыс көзіне айналдыруға болады. Мұндай қаржылық стратегияны отандық ипотекалық брокер Қуанбек ұсынып отыр, деп хабарлайды Finratings.kz сайтына сілтеме жасаған Qazyr.kz тілшісі.
10 миллион теңгені екіге бөлу: Сызба қалай жұмыс істейді?
Сарапшының есебінше, қолдағы барлық жинақты бір ғана қымбат нысанға құйғанша, оны екі бөлек ипотеканың бастапқы жарнасы ретінде пайдалану әлдеқайда ұтымды. Мәселен, құны 20 миллион теңге тұратын екі пәтер таңдалса, екеуінің де алғашқы жарнасына 5 миллион теңгеден салынады.
Қалған 15 миллион теңгелік бөліктері банктерден ипотекалық несие ретінде ресімделеді. Нәтижесінде, азаматтың қолында жалпы нарықтық құны 40 миллион теңгені құрайтын екі бірдей жылжымайтын мүлік активі пайда болады.
«Қолда 10 миллион теңге бола тұра бірден екі пәтерді ипотекаға қалай алуға болады? Бұл туралы неге екені белгісіз көп ешкім айта бермейді. Құны 20 миллиондық екі нысанға өтінім беріледі: әрқайсысына 5 миллион теңгеден өз жарнаңызды саласыз да, қалған 15 миллионын ипотекаға рәсімдейсіз», — дейді ипотекалық брокер Қуанбек.
Ай сайынғы төлемдер мен шығын көлемі
Брокердің есебі бойынша, екі ипотеканың ай сайынғы өтеу кестесі шамамен мынадай болады: бірінші пәтердің ай сайынғы төлемі — 260 мың теңге, ал шарттары сәл өзгешелеу екінші несиенің төлемі — 275 мың теңге көлемінде бекітіледі.
Осылайша, екі қарыз бойынша жалпы ай сайынғы төлем шамамен 535 мың теңгені құрайды. Бұл сырт көзге үлкен қаржылық жүктеме болып көрінгенімен, жүйенің екінші тетігі бұл салмақты жеңілдетуге арналған.
Біреуінде тұру, екіншісін жалға беру
Бұл стратегияның түпкі мәні — баспана мәселесін шеше отырып, қосымша пассивті табыс ағынын қалыптастыру. Сатып алушы пәтерлердің біріне өзі көшіп кіреді де, өзгенің үйін жалдап, далаға ақша төлеу шығынынан біржола құтылады.
Ал екінші пәтер бірден жалға беріледі. Жалға алушылардан ай сайын түсетін төлем екінші ипотеканың несиесін толықтай немесе белгілі бір қомақты бөлігін жауып отыруға бағытталады.
«Осылайша, біздің иелігімізде жалпы құны 40 миллион теңге болатын екі пәтер пайда болады. Біз өз баспана мәселемізді біржола шешеміз әрі жалға беру арқылы пассивті табыс тауып, несиені жабуды жеңілдетеміз», — деп атап өтті маман.
Тәуекелдер мен назар аударатын шығындар
Дегенмен, қаржы сарапшылары бұл сызбаны жүзеге асырмас бұрын барлық тәуекелдерді жан-жақты саралау қажеттігін ескертеді. Екінші пәтердің жалдау ақысы несиені қаншалықты деңгейде жабатыны орналасқан қалаға, ауданға және нарықтағы нақты бағаға тікелей байланысты.
Сонымен қатар бастапқы жөндеу жұмыстары, жиһазбен жабдықтау, коммуналдық қызметтер шығыны және пәтердің тұрғын таппай бос тұрып қалатын уақытша кезеңдерін де есепке алу қажет. Өйткені банк алдындағы 535 мың теңгелік міндеттеме ай сайын үзіліссіз төленуі шарт.