Еуропалық энергетика алпауыттары өз инфрақұрылымын диверсиялар мен кибершабуылдардан қорғау үшін қорғаныс және қауіпсіздік саласының мамандарын жаппай тарта бастады. The Financial Times басылымының хабарлауынша, финляндиялық Fortum және Neste компаниялары штатына геосаясат жөніндегі сарапшыларды алу мақсатында бұрынғы НАТО қызметкерлері мен дипломаттарға жүгінген, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Барлау қызметтерімен әріптестік және Siemens Energy ескертуі
Бүкіл Еуропа бойынша электр желісі операторлары аса маңызды инфрақұрылымның қауіпсіздігін күшейтуге миллиардтаған қаржы құюда. Басылымның мәліметінше, мұндай төтенше шаралар Еуропада Ресей мен өзге де мемлекеттер тарапынан жасалған делінетін диверсиялар мен гибридтік қатерлердің жиілеуі аясында жедел қолға алынып отыр.
Абу-Дабидегі беделді Adipec конференциясы қарсаңында өткен жабық кездесуде еуропалық ірі энергетикалық компаниялардың бірінің басшысы өз нысандарын сыртқы қатерлерден қорғау мақсатында мемлекеттік барлау қызметтерімен тығыз әріптестік орнатқанын ресми мәлімдеген.
Электр желісі жабдықтары мен газ турбиналарын жеткізетін әлемге әйгілі Siemens Energy компаниясының бас директоры Кристиан Брух та Еуропаның энергетикалық инфрақұрылымы сыртқы шабуылдар алдында дәрменсіз күйде екенін ашық айтып, дабыл қақты.
«Ол осал күйде. Бір-екі ай бұрын біз Германиядағы қосалқы станцияларға жасалған шабуылдарды көрдік. Егер жағдай қайталанса немесе Украинада не Әмірліктерде болып жатқанға ұқсас тосын оқиғаға тап болсақ, оған дайын емес екеніміз анықталады. Осы түйткілді шешу жолында дәл қазір жұмыс істеу керек», – деп ескертті Кристиан Брух.
Бұрынғы НАТО шенеунігі мен аптасына 1500 киберқауіп
Биыл финляндиялық Fortum энергетика компаниясының қауіпсіздік блогына ауысқан НАТО-ның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Саму Пауккунен Лейпциг әуежайында дронның пайда болуы мен өзге де гибридті арандатушылықтар корпорациялардың ішкі геосаяси сараптамасын күшейту қажеттігін арттырғанын жеткізді. Оның сөзінше, инфрақұрылым операторлары бұрын мүмкін емес саналған қауіп-қатер сценарийлеріне шұғыл бейімделуге мәжбүр болып отыр.
«Инфрақұрылым операторлары бұрын мүмкін емес деп есептелген күтпеген жағдайларға дайын болу үшін резервтік жүйелерді қайта жоспарлап, қомақты қаржы салуға мәжбүр болды», – деп нақтылады Саму Пауккунен.
Физикалық диверсиялардан бөлек, соңғы жылдары энергетикалық холдингтерге бағытталған цифрлық шабуылдар да рекордтық деңгейге жетті. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) дерегіне сүйенсек, 2024 жылы әдеттегі орташа газ және электр энергетикасы компаниясы апта сайын 1500-ден астам киберқауіпке тап болған. Бұл көрсеткіш соңғы төрт жыл ішінде үш есеге өскенін көрсетеді.