Әлеуметтік желілер мен қаржылық сараптамалық ортада Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы мен Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR-дың қаржылық және өндірістік көрсеткіштерін салыстыру қызу талқыға түсуде. Шикізат өндіру көлемі жөнінен ҚМГ әзербайжандық әріптесінен бірнеше есе алда тұрғанымен, қос алыптың жылдық таза пайдасы шамалас шығып, сарапшылар арасында қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Сандар сөйлейді: Өндіріс пен кіріс алшақтығы
Report.az порталы мен «ҚазМұнайГаздың» ресми есептеріндегі қорытынды деректерге үңілсек, екі алпауыттың өндірістік моделі мен қаржылық нәтижесі арасындағы айырмашылық бірден көзге түседі.
Әзербайжандық SOCAR компаниясы бір жылда 50,8 миллиард доллар түсім алып, 7,1 миллион тонна мұнай және 7,8 миллиард текше метр газ өндірді. Ал мұнай өңдеу көлемі 6,2 миллион тоннаны (Қазақстандағы бір ғана зауыттың көлемі) құрап, таза пайдасы 1,75 миллиард долларға жеткен.
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:Қазақстандағы ірі мұнай активтеріне иелік ететін Geo-Jade үстінен Қытайда ресми тергеу басталды→
Ал отандық «ҚазМұнайГаз» дәл осы кезеңде 17,9 миллиард доллар түсім көрсеткен. Өндіріс көлемі бойынша ҚМГ 26,2 миллион тонна мұнай өндіріп, бүкіл Әзербайжан мемлекетінің бір жылдық жалпы өндірісіне (27,7 млн тонна) пара-пар шикізат шығарды. Сонымен бірге 11,5 миллиард текше метр газ өндіріп, Қазақстан мен Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарында 20,1 миллион тонна мұнай өңдеген. Алайда орасан зор өндірістік қуатқа қарамастан, компанияның жылдық таза пайдасы 2,06 миллиард долларды құраған.
Жылдық жалпы түсімді былай қойғанда, SOCAR мұнайды 4 есе аз, газды 1,5 есе аз өндіріп, өңдеу көлемі 3 есе төмен бола тұра, түпкі таза пайда жағынан ҚМГ-мен иық тірестіріп отыр.
Тиімсіздік пе, әлде ауыр әлеуметтік жүктеме ме?
Бір қарағанда, мұндай цифрлар отандық «ҚазМұнайГаздың» операциялық тиімділігіне күмән тудыруы мүмкін. Дегенмен компанияның қаржылық есебіне тікелей салмақ салып отырған объективті құрылымдық және әлеуметтік факторларды да ескерген абзал.
«ҚМГ-ның бірқатар ескі кен орындарында өндірілетін шикізаттың 90 пайызын су, тек 10 пайызын ғана мұнай құрайды. Ондай кен орындары экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтамаса да, өңірлердегі жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тоқтатылмай жұмыс істеп тұр», – деп атап өтеді сарапшылар.
Бұған қоса, ішкі нарықты арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында мұнайды төмен бағамен жеткізу де ұлттық компанияның кірісін едәуір шектейді. Яғни ауқымды әлеуметтік жүктемелер мен субсидиялау саясаты компанияның түпкі таза табысына тікелей салмақ түсіруде.
«Самұрық-Қазына» мен ҚМГ алдындағы стратегиялық міндет
Соған қарамастан, ұлттық оператордың тиімділігін арттыру әлеуеті әлі де зор. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы ҚМГ менеджментінің алдына өңірлік көршілес мұнай алпауыттарының — SOCAR, «Татнефть» және өзге де серіктестердің нақты тиімділік межесіне сай жұмыс істеу талабын қоюы тиіс.
Бұл үшін ҚМГ-ның даму стратегиясы мен негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI) қайта қарап, басты назарды тек өндірілген шикізат көлеміне ғана емес, әрбір өндірілген және өңделген тонна мұнайдан түсетін нақты қаржылық қайтарымды еселеуге аудару қажеттігі туындап отыр.