Америкалық миллиардер Тодд Боули ресейлік «Лукойл» компаниясының шетелдік энергетикалық активтерін сатып алу туралы ресми келісімге қол қойды. Мәмілеге АҚШ-тың мемлекеттік Халықаралық қаржылық даму корпорациясы (DFC) қатысатын арнайы консорциум мұрындық болып отыр. Бұл жай ғана ірі коммерциялық келісім емес, санкциялық қысым арқылы жаһандық энергетикалық картаны қайта бөліске салудың үлкен қадамы саналады.
Мәміленің ауқымы мен ерекше тетігі
Сарапшылардың бағалауынша, бұл келісім 11 мемлекетті қамтитын, тәулігіне 350 мың баррель мұнай өндіретін аса ірі халықаралық инфрақұрылымды түбегейлі өзгертеді. Активтердің жалпы құны шамамен 16 миллиард долларға бағаланған, ал мәміле аясында берілетін бағалы қағаздардың құны 10 миллиард долларды құрайды.
«Мәміленің басты ерекшелігі — есеп айырысу ақшалай емес, ресейлік «Лукойлдың» Батыста бұғатталған өз бағалы қағаздары арқылы жүргізіледі. Бұл акциялар бұған дейін америкалық және британдық инвесторлар мен депозитарлық банктерден сатып алынған. Ресейлік компанияның тікелей қаржылық пайда көруіне жол бермеу үшін бағалы қағаздар БАӘ-дегі арнайы эскроу-шотқа орналастырылады».
Аталған мәміле күшіне енуі үшін АҚШ Қаржы министрлігінің OFAC (Шетелдік активтерді бақылау басқармасы) құрылымынан ресми рұқсат алынуы тиіс. Жеке инвесторларға капитал мен келісілген кірістілік қайтарылғаннан кейін, АҚШ үкіметі бұл активтерді басқаруға және одан түсетін болашақ пайдаға тікелей ортақтасады.
Қазақстанның мұнай-газ нарығы үшін нені білдіреді?
Бұл мәселе ресми Астана үшін де стратегиялық мәнге ие. Себебі ресейлік «Лукойл» ұзақ жылдардан бері Қазақстанның ірі мұнай-газ жобаларында қомақты үлеске иелік етіп келеді. Атап айтқанда:
- Қарашығанақ жобасында — 13,5%;
- Каспий құбыр желісі консорциумында (КТК) — 12,5%;
- Теңізшевройл жобасында — 5%;
- Торғай Петролеум кенішінде — 50%;
- «Қаламқас-теңіз — Хазар» теңіз жобасында — 50% үлесі бар.
«Қазақстандағы активтердің түпкілікті тағдыры әзірге беймәлім күйінде қалып отыр. Бұған дейін Қазақстан тарапы ресейлік компанияның елдегі белгілі бір үлестерін ұлттық мүдде аясында сатып алуға қызығушылық танытқаны белгілі. Алайда АҚШ үкіметі мен америкалық консорциумның араласуы жағдайды түбегейлі өзгертті».
Орта дәліз және геосаяси жаңа кезең
Сарапшылар Вашингтонның санкциялық саясатты жай ғана шектеу құралы емес, стратегиялық энергетикалық нысандардың меншік иесін ауыстыру тетігі ретінде шебер қолдана бастағанын айтады. Мұнда АҚШ мемлекеті бақылаушы немесе реттеуші ғана емес, активтердің тікелей қатысушысы әрі қожайынына айналуда.
Келісімді басқарып отырған америкалық инвестор Тодд Боулидің Орталық Азияны Ресей мен Иранды айналып өтіп Еуропамен байланыстыратын «Орта дәліздің» (Транскаспий бағыты) стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтуі кездейсоқ емес. Ендігі басты сауал: Қазақстан үкіметі бұл геосаяси трансформацияны ұлттық мұнай-газ активтеріндегі өз үлесін арттыруға пайдалана ала ма, әлде ресейлік капиталдың орнын тек америкалық алпауыттар алмастырумен шектеле ме?