Биылғы қыс мезгілі Қазақстанда салыстырмалы түрде жылы болғанымен, жиі соғатын дүлей боран, екпінді жел және ауа температурасының күрт құбылуымен есте қалмақ. «Қазгидромет» РМК таратқан маусымдық консультативтік болжамға сәйкес, ел тұрғындарын бірқалыпты салқын емес, нағыз «температуралық әткеншектер» күтіп тұр, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Синоптиктердің бағалауынша, алдағы қыс маусымында Қазақстанның басым аумағында орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады деп күтілуде. Алайда жылымық кезеңдердің соңы кенеттен Арктикадан келетін сақылдаған сарышұнақ аязға ұласып отырады.
Мамандардың айтуынша, биылғы қыстың басты ерекшелігі – тұрақты ауа райының болмауы. Қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында солтүстік-батыс циклондары мен атмосфералық фронттар белсенділік танытып, еліміздің басым аумағына жауын-шашын мен суық ауа массаларын әкеледі.
Желтоқсан айы: Мол қар мен бұрқасын
Желтоқсан айында республиканың барлық аймағында орташа температура нормадан 1-2 градус жоғары болады деп болжанып отыр. Алайда жауын-шашын мөлшері солтүстік өңірлерде, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында нормадан әлдеқайда көп түспек.
Бұл күндері боран күшейіп, желдің екпіні қауіпті деңгейге жетуі ықтимал. Ал оңтүстік облыстар мен Қызылорда өңірінде жауын-шашын қар аралас жаңбыр түрінде өтіп, керісінше климаттық нормадан сәл төмен деңгейде сақталады.
Қаңтар мен ақпан: Жұқа мұз қабыршағы және сарышұнақ аяз
Қаңтар айында ауа райы негізінен салыстырмалы жұмсақ болады деп күтілгенімен, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда антициклон орныққан күндері түнгі сынап бағанасы -25…-35 градусқа дейін құлдырауы мүмкін.
Температураның күндіз нөлге жуықтап немесе оң көрсеткішке көтеріліп, түнде қайта күрт қатуы қар бетінде қалың көктайғақ пен мұз қабыршағын түзеді. Бұл республикалық автожолдардағы қауіпті арттырып қана қоймай, ауылдық жерлерде мал жайылымына да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ақпан айы қыстың соңғы тынысы ретінде жауын-шашынға бай болады деп күтілуде. Синоптиктер елдің батысы мен солтүстігінде қалың қар түсіп, қыс мезгілінің соңы көктемге дейін созылатын борандармен ұласуы ықтимал екенін ескертеді.
Құтқару қызметі мен мамандар алыс жолға шығатын жүргізушілерге қысқы дөңгелектерді уақытылы ауыстырып, дауылды ескертулер кезінде трассаларға шықпауды қатаң ескертеді.