Шанхай қор биржасында саудаланатын, сондай-ақ Қазақстандағы бірқатар стратегиялық мұнай-газ активтеріне иелік ететін қытайлық ірі Geo-Jade Petroleum Corporation компаниясының үстінен ақпаратты ашу ережелерін өрескел бұзды деген күдікпен тергеу басталды. Корпорация 2026 жылғы 20 қарашада Қытайдың Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комиссиясынан (CSRC) ресми хабарлама алған, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Geo-Jade — отандық мұнай өндіру саласындағы салмақты кәсіпорындар «Матен Петролеум» АҚ мен «КоЖаН» серіктестігінің тікелей бас компаниясы. Сонымен қатар оның еншілес құрылымдарына еліміздің оңтүстік өңірінде газ өндіретін «Созак Ойл энд Газ» АҚ акцияларының шамамен 18 пайызы тиесілі. Қытайлық қаржы реттеушісі тексеріс шараларын ҚХР «Бағалы қағаздар туралы» Заңының талаптары негізінде қозғаған.
Биржадағы дүрбелең және қаржыны сыртқа бұру күдігі
Жаңалық жария етілген бойдағы алғашқы сауда күнінде Geo-Jade акциялары Шанхай қор биржасында рұқсат етілген төменгі баға шегіне дейін құлдырап түсті. Инвесторлар арасындағы үрей компанияның беделіне айтарлықтай сызат түсірді.
«Жаңа тергеуге биылғы сәуір айында CSRC-тің Хайнань басқармасы шығарған арнайы шешім негіз болған. Тексеру қорытындысы бойынша компанияның Hainan Qingyu Energy және өзге де серіктестіктермен көлеңкелі байланысы, олармен жүргізілген мәмілелері және үлестес тараптар арқылы қаржыны сыртқа заңсыз бұрғаны туралы деректерді нарықтан жасырып келгені әшкереленді», – делінеді қаржылық құжаттарда.
Қазақстандағы активтер мен тергеудің белгісіз ауқымы
Қазіргі таңда Қытай реттеушісі қозғаған жаңа тергеу ісінің нақты мән-жайы мен ауқымы жарияланған жоқ. Дегенмен шетелдік бас құрылымның айналасындағы заңсыз қаржылық операциялар мен акцияларының құлдырауы оның Қазақстандағы кен орындарын игеру және өндірістік инвестициялар бағдарламасына қалай әсер ететіні нарық қатысушыларының басты назарында тұр.
«Қазақстанның стратегиялық энергетикалық нысандарын бақылайтын ірі шетелдік алпауыттардың қаржылық мөлдірлігі мен тұрақтылығы — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бас компанияның бағалы қағаздар нарығындағы дауы өндірістік процестерге кері әсерін тигізбеуі тиіс», – деп санайды отандық сала сарапшылары.