Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында бірнеше ай бойы ел назарында болған қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаев пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Судья Жанат Әбенова айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше ауыр баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Сот шешімімен белсендіге 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

«Сот үкімімен Санжар Боқаевқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған жазасын өтеп шыққан соң 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария қызметпен, соның ішінде журналистика және блогингпен айналысуға тыйым салынды», – делінді сот үкімінде.

«ҚазТрансГаз» қаржысы мен жиһаз өндірісі

Қылмыстық іс бірнеше күрделі эпизодтан тұрды. Тергеу мен сот анықтағандай, 2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Боқаев кәсіподақ арқылы халықаралық автожарыс ұйымдастыруға жалпы көлемі 86,9 миллион теңге болатын екі келісімшарт жасатқан. Оның бірі өз жиені Мадияр Қалменов басқаратын компаниямен рәсімделген. Орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу және қызмет құнын негізсіз көтеру арқылы 42,2 миллион теңге жымқырылып, кейін оның бір бөлігі жиһаз бизнесіне бағытталған.

Осыған байланысты сот Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовті де аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

«Сотталушы Санжар Боқаев өз кінәсін мойындаған жоқ. Ал мемлекеттік айыптаушы оған барлық эпизодтар жиынтығы бойынша 12 жыл жаза сұраған еді», – деп хабарлайды сот отырысынан тілшілер.

Гранит тақталар, Баум тоғайы және қойылым-видеолар

Сонымен бірге іс барысында Алматының абаттандырылуына қатысты бейнероликтердің де мән-жайы қаралды. Үкімде белсендінің видео түсіру мақсатында Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан 12 гранит тақтаны тасымалдауды және Баум тоғайында 16 ағашты кесуді ұйымдастырғаны дәлелденгені көрсетілген. Осы іс бойынша Боқаевтың мобилографы Ұлан Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Айта кетейік, қоғамда утильалымға қарсы белсенді күресімен танылған Боқаев бұған дейін Елтаңба реформасы төңірегінде де бюджет шығындарының қажеттілігіне шүйліккен болатын. Ал мемлекеттік қаржыны бөлу мен реттеу бағытында «Бәйтерек» холдингі 2027 жылға арналған жоспарында даму жобаларына қомақты бюджет бөлгені туралы жазған едік.