Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев отандық және шетелдік алпауыт компаниялардың басшыларымен бірқатар маңызды кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап. Келіссөздер барысында шикізатты терең өңдеу, ресурстық базаны ұлғайту және өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Маңғыстаудағы 1,6 миллиард долларлық кешен

Қытайлық «China Wuhuan Engineering» компаниясы мен «ҚазАзот» АҚ басшылығымен өткен кездесуде Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу жобасы қаралды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөйлеген сөзінде отандық минералды тыңайтқыштар өндірісін дамытудың маңыздылығына тоқталып, аталған жобаға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету керектігін атап өткен болатын.

Жобаның жалпы құны шамамен 1,6 миллиард АҚШ долларын құрайды. Кешен толық қуатына көшкен кезде жылына 660 мың тонна аммиак, 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл өндіріс отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сапалы минералды тыңайтқыштармен толық қамтып, импортқа тәуелділікті азайтуға және химия өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін еселеп арттыруға жол ашады.

Қарағансайдағы тақтатас мұнайын игеру

Келіссөздердің келесі бөлігінде «Саутс-Ойл» ЖШС мен «ADIB Holdings» қаржы тобының басшылығымен Қарағансай учаскесіндегі дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру перспективалары сараланды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында технологиялық тұрғыдан күрделі саналатын тақтатас кен орындарын игеруге тікелей инвестиция тарту міндетін жүктеген еді.

Қазіргі таңда жоба аясында қабатты көпсатылы гидравликалық жарудың заманауи технологиялары қолданылып, 2 көлденең ұңғыма бұрғыланды. Жалпы жоспар бойынша 10 ұңғыма бұрғылау көзделген.

Кездесу барысында қосымша инвестиция тарту, тақтатас мұнайын өндіру технологияларын жетілдіру және Қазақстан аумағында ілеспе өндірістерді жолға қою мәселелері сөз болды. Жиын қорытындысында Үкіметтің озық технологияларды енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған стратегиялық жобаларға қолданыстағы заңнама аясында толық қолдау білдіретіні айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық компаниялардың өндірістік бастамалары мен елге құйылатын тікелей инвестициялар жайын талқылаған болатын.