Қазақстан Ұлттық Банкі коммерциялық қаржы ұйымдары арасында жүргізілген 2026 жылдың III тоқсанындағы несие нарығы бойынша сауалнама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі. Зерттеу көрсеткендей, елдегі базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуінен кейін кәсіпкерлікке несие беру талаптары жұмсара бастаған. Алайда бұл оң өзгеріс ең алдымен ірі компаниялар сегментінде айрықша сезілуде.

Реттеуші таратқан деректерге сәйкес, несие мөлшерлемесін төмендету бойынша жауаптардың таза теңгерімі ірі қарыз алушыларда 42,8%-ды, орта кәсіпкерлікте 20,5%-ды, ал шағын бизнесте небәрі 17,3%-ды құраған. Жалпы несиелеу шарттарының жұмсаруы бойынша да алшақтық жер мен көктей: ірі компаниялар үшін көрсеткіш 33,4%-ға жетсе, орта сегментте 5,6%, ал шағын кәсіпкерлікте небары 0,2% шамасында ғана қозғалған.

Ірі жобалар және 21 миллиард теңгелік сұраныс

Банктердің бағалауынша, несие ресурстарына деген сұраныстың өсуі де ірі ойыншылар есебінен қалыптасып отыр. Сұраныстың артуы туралы жауаптар теңгерімі ірі кәсіпорындарда 49,7%-ды құраса, орта бизнес бойынша 10,8%, ал шағын кәсіпкерлікте бар болғаны 1,5% болды. Бұл ретте ірі сегменттегі серпінді елдегі бес жетекші банк қамтамасыз етуде (көрсеткіш 55,9%), ал өзге банктерде динамика керісінше теріс деңгейге (-6,2%) түскен.

«Ірі компаниялар тарапынан түскен өтінімдер саны 229-ға дейін сәл азайғанымен, сұралған орташа сома бірден 82%-ға өсіп, 20,9 миллиард теңгеге жетті. Бұл нәтижеге стратегиялық және инфрақұрылымдық бастамаларды қамтитын жекелеген ауқымды жобалар айтарлықтай әсер етті», — деп көрсетті Ұлттық Банк сарапшылары.

Сонымен бірге, коммерциялық банктердің басым бөлігінде ірі бизнес несиені ұзақмерзімді инвестицияға қарағанда, ең алдымен айналым капиталын толықтыру мақсатында алып жатқаны байқалды.

Шағын және орта бизнес: Мақұлдау деңгейі неге төмен?

Орта бизнес тарапынан несиеге деген сұранысты негізінен мемлекеттік бағдарламалар — «Өрлеу», «Өндіріс», «Іскер аймақ» субсидиялары, Аграрлық несие корпорациясы және «Даму» қорының кепілдіктері демеп тұр. Ал шағын және микробизнес сегментінде сұраныс өткен тоқсанның шамасында қалған. Қаржы ұйымдарының пікірінше, бұған салық саласындағы өзгерістер мен халықтың тұтынушылық белсенділігінің бәсеңдеуі себеп болып отыр.

Банктер тарапынан қарыз өтінімдерін мақұлдау үлесі бойынша да теңсіздік жоғары: ірі компаниялардың өтініштерінің 64%-ы мақұлданса, орта бизнесте бұл меже 37%-ды, ал шағын кәсіпте небәрі 32%-ды ғана құрады.

Төртінші тоқсаннан не күтуге болады?

Қаржыгерлер IV тоқсанда маусымдық сұраныстың жандануын және несиелендіру құнының одан әрі арзандауын болжап отыр. Ендігі басты сауал — ірі алпауыттардан басталған несиені жеңілдету толқыны нақты экономиканың тірегі саналатын шағын және орта бизнес субъектілеріне қаншалықты жетеді деген мәселе.

Айта кетейік, бұған дейін Qazyr.kz қаржы секторында несиені растау уақытының ұзаруы мүмкін екені және Үкімет тарапынан отандық бизнесті қолдауды кеңейту шаралары пысықталып жатқаны туралы жазған болатын.