Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) мен Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі (JAXA) бірлесіп ұшырған құны 2 миллиард долларлық BepiColombo ғарыш аппараты Меркурий орбитасына ену кезінде күтпеген бағдарламалық ақауға тап болды. Бұл туралы миссия жетекшілерінің деректеріне сүйене отырып CNN телеарнасы хабарлады.

Сегіз жылға созылған ұзақ әрі күрделі сапардан кейін аппарат 21 қарашада Күн жүйесінің ең ішкі планетасына таяп, орбитаға бекіну маневрін бастаған еді. Алайда аппарат қозғалтқыштары жоспарланған уақыттан бұрын өшіп қалып, Дармштадтағы Басқару орталығының инженерлерін алаңдатып қойды.

BepiColombo — Күнге ең жақын орналасқан Меркурий планетасын зерттеуге бағытталған адамзат тарихындағы үшінші миссия. Ол еуропалық MPO және жапондық Mio атты екі дербес ғылыми зондтан құралған.

Орбитаға кіру маневрі ерте тоқтап қалған

Мамандардың есебі бойынша, зондтың жылдамдығын тежеп, Меркурийдің гравитациялық өрісіне орнығуы үшін төрт негізгі қозғалтқыш 37 минут бойы үздіксіз жұмыс істеуі тиіс болатын. Бірақ бағдарламалық жүйедегі келеңсіздік кесірінен қозғалтқыштар 28-минутта сөніп, аппарат шұғыл қауіпсіздік режиміне («safe mode») өткен. Нәтижесінде тежелу маневрінің шамамен 77 пайызы ғана орындалған.

«Біз белгіленген уақыттан ертерек байланыс сигналын алған сәтте-ақ бірдеңенің дұрыс болмай қалғанын аңғардық. Бүкіл басқару орталығы сол мезетте төтенше жағдай режиміне көшірілді», — деді ESA-ның Ішкі Күн жүйесі миссияларының жетекшісі Игнасио Танко.

«Соңында жолымыз болды, себебі бұдан да жаман аяқталуы мүмкін еді. Біз аппаратты жоғалтпай, негізгі орбиталық параметрлерді сақтап қалдық», — дейді мамандар.

Жоспардан 10 мың шақырым ауытқу: Алда қандай қауіп бар?

Төрт сағаттық телеметриялық тексеруден соң ғалымдар аппараттың Меркурий орбитасына сәтті «ұсталғанын» растады. Дегенмен оның қозғалыс траекториясы бастапқы жобадан өзгеше болып шықты: зонд жоспарланғандай планетаны әр 58 сағат сайын емес, 75 сағаттық созылыңқы траекториямен айналуға мәжбүр. Оның ең биік нүктесі жобадағыдан 10 000 шақырымға жоғары болып тұр.

Инженерлер бұл жағдай миссияның толық күйреуіне әкелмейтінін, бірақ алдағы күрделі қадамдар кезінде қателесуге құқық қалдырмайтынын ескертті. BepiColombo алдындағы ең басты сынақ — желтоқсан айының ортасында екі ғылыми зондтың бір-бірінен ажырап, жеке орбиталарына орналасу процесі болмақ. Бұл кезеңде де дәл осы қозғалтқыштар жүйесі қайта іске қосылады.

Айта кетейік, бұған дейін Qazyr.kz жаһандық деңгейдегі озық технологиялар мен жартылай өткізгіштер нарығы туралы, сондай-ақ америкалық инфрақұрылымға жасалған кибершабуылдар дерегі жөнінде жазған болатын.