Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиында холдингтің алдағы жылдық бюджеті мен басқарма құрамының 2027 жылға арналған қызметінің негізгі көрсеткіштері (KPI) бекітілді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес, холдинг негізгі назарды өңдеу секторына тікелей инвестиция құю мен кәсіпорындардың экспорттық сатылым қуатын арттыруға бағыттайды.

8 триллион теңгелік қолдау және тұрғын үй құрылысы

Қабылданған құжатқа сәйкес, 2027 жылы «Бәйтерек» компаниялар тобы отандық экономиканы өркендетуге жалпы сомасы 8 трлн теңге көлемінде кешенді қолдау көрсетуді көздеп отыр.

Бекітілген жоспар бойынша өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына шамамен 1,17 трлн теңге инвестиция бағытталады. Ал әлеуметтік бағытта холдингтің қатысуымен 2,7 млн шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілмек.

Бұл ретте инвестициялық жобалардың табыстылығы ғана емес, олардың экономикаға беретін мультипликативтік әсері мен жаңа жұмыс орындарын құру қабілеті де басты талап болып қала береді.

Қаржының 54 пайызы нарықтан тартылады

Мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайту мақсатында холдинг жекеменшік қаржы ұйымдарымен серіктестікті ұлғайтпақ. Жобаларды несиелеуге коммерциялық банктер кеңінен тартылады.

2027 жылы мемлекеттік емес қаржы көздерінен алынатын қаражат көлемі тартылған барлық қарыздың 54%-ын құрайды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, кәсіпкерлерді қаржыландыру белсенділігіне жеке баға беріледі.

Аталған қадамдар холдингтің 2033 жылға дейінгі жаңартылған даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Оның аясында қолданыстағы өндіріс ошақтарының қуатын кеңейту мен жаңа зауыт-фабрикаларды қаржыландыру үшін жеке инвесторлар пулы қалыптасады.

Бектенов: Формальды есепке жол жоқ

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов комплаенс-бақылау, ішкі аудит және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын күшейтуді қатаң тапсырды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі жою — холдинг қызметінің негізгі шарты ретінде қойылды.

Үкімет басшысы тапсырмаларды орындауда формальды тәсілдер мен көзбояушылыққа жол берілмейтінін, холдинг тиімділігі тек нақты нәтижемен бағаланатынын қатаң ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев холдинг басшылығын қабылдап, экономиканың негізгі капиталына салынатын инвестицияларды еселеу мен екінші деңгейлі банктер тарапынан бизнеске несие беру шарттарын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.