АҚШ Әскери-әуе күштерінің (USAF) ең басты әрі аса ірі бұлтты инфрақұрылымы саналатын Cloud One платформасына белгісіз хакерлер бұзып кірді. Бұл туралы оқиғадан хабардар үш бірдей дереккөзге сүйене отырып Reuters агенттігі жариялады.
Жүйеге бөгде күштердің еніп кеткені шамамен соңғы бір ай көлемінде, платформаны техникалық жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан сәтте кездейсоқ анықталған. Мамандардың бағалауынша, бұл кибершабуыл АҚШ армиясының тактикалық құпияларына, әскери ұшақтар мен қосалқы бөлшектер қозғалысына, жеке құрамның мәліметтері мен стратегиялық логистикасына тікелей қауіп төндіріп отыр.
Cloud One — 2017 жылы іске қосылған, Microsoft Azure, Amazon AWS, Google Cloud және Oracle алпауыттарының технологиясын тоғыстырған АҚШ әскерінің ең алып орталықтандырылған бұлттық хабы.
Әуе қорғанысы радарлары мен зымыран қоймалары қауіпке ілікті
Тергеу деректеріне қарағанда, хакерлер бағдарламалық осалдықты пайдаланып, платформаның ең маңызды өзегіне — «басқару деңгейіне» (control plane) дейін жол тапқан. Әскери мамандар бұл тетікті АҚШ Әскери-әуе күштерінің жауынгерлік ұшақтарының техникалық жай-күйін көруге мүмкіндік беретін «әмбебап қашықтан басқару пультіне» теңеп отыр.
Аталған бұлтта Солтүстік Америка құрлығындағы әуе қорғанысы радарларының деректерін біріктіретін Cloud-Based Command and Control бағдарламасы және әлемдегі 200-ден астам әскери базада орналасқан бомбалар мен зымырандарды бақылайтын TICMS жүйесі шоғырланған.
«Бұл платформаға шабуыл жасалуы — өте үлкен оқиға әрі Пентагон қауіпсіздігі үшін өте күрделі дабыл сигналы», — деп хабарлады америкалық басылымның сұхбаттасы.
Киберқолбасшылық тергеу бастады
Оқиға анықталған бойда мәселенің шынайы ауқымы мен ықтимал залалды бағалау үшін АҚШ Қарулы күштерінің Киберқолбасшылығы (US Cyber Command) іске қосылды. Қазіргі таңда қауіпсіздік мақсатында жаңа әкімшілік қосымшаларды бұлтқа көшіру процесі тоқтатылып, бірқатар мамандардың жүйеге кіру құқықтары кері қайтарылды және жаңа бағдарламалық жаңартуларға уақытша тосқауыл қойылды.
Пентагон ресми өкілдері өз кезегінде нақты жүйелердің операциялық жай-күйі мен қауіпсіздік мәртебесіне түсініктеме бермейтінін, алайда әскери мақсаттағы ресурстар 24/7 режимінде қатаң қорғауда екенін мәлімдеді. Жүйені биыл мамыр айында 454,9 миллион долларлық келісімшартпен жаңғыртуға алған IT-мердігер Leidos компаниясы да нақты сауалдарды әскери ведомствоның құзырына қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Qazyr.kz Пентагон жариялаған әскери деректердің құпиясы мен әлемдік технология нарығындағы жетекші алпауыттар туралы жазған болатын.