Qazyr.kz
БілімМәдениет

“Сөйле десең сөйлейін” кітабынан

Сөйтiп жүргенде, осыдан тұп-тура жиырма жыл бұрын сайыпқыран сатиригiмiз , шоқ тiлдi Шона Смаханұлы дүниеден озды. Күздi күнi. Қазан айының қақ ортасы болатын. Шона Смаханұлы көзi тiрiсiнде өзi туып өскен Жамбыл облысы, Талас ауданының Ойық совхозына жерлеңдер деген өсиет қалдырған екен. Сол өсиетiн орындау үшiн бүкiл ағайын-туыс қаламгерлер жиылып, арнайы комиссия құрды. Шона Смаханұлы соғысқа қатысқан адам. Соғысқа қатысқандар атынан Қасым Қайсенов бастап апаратын болды. Жерлес жазушы ретiнде, ауыз әдебиетiнiң зерттеушiсi, зердегерi, қазақтың Затаевичi атанған Балтабай Адамбаев бар, Жазушылар одағының хатшысы Ұлықбек Есдәулет, сатира жанрынан менi қосты. Сөйтiп, төртеумiз Шона ағаның мәйiтiн арнайы машинаға салып, өзiмiз бөлек машинамен жолға шықтық. Жолда Қордайдан өткен уақытта (ол уақытта жанармай өте тапшы болатын) бензинiмiз бiтiп қалды. Түн. Май құятын стансадағы жiгiттер: “Бензин бар, бiрақ басшылардың рұхсатынсыз бере алмаймыз” дедi. Сосын Қасекең тұрды да, стансадағы телефонды қолға ала салып, бiреулерге телефон шалып жатты. Бие сауым уақыт өткен жоқ, сол ауданның бiрiншi хатшысы өзi келiп, амандасып, үш машинемiзге де толтырып бензин құйып бердi.
Түн жарым ауа Ойық совхозына келдiк. Совхоз директоры Ералы Дәдебаев өр тұлғалы, есiктен еңкейiп кiретiндей еңселi кiсi екен.
Шона ағамыз өзiнiң ескерткiшiн өлмей тұрып жасап кеткенiн айтты. “Ойпырмай, бәрiмiздiң де алдымызда ажал бар, қашан өлетiнiмiздi кiм бiледi? Осының өзi де қалай болады екен?” дегендей Қасекең қатты ойланып қалды. Ағамыздың ойлы жанарынан: “Алланың өзi жаратты, Алланың өзi алады ғой” дегендей ойды оқыдық. Ол өзiнiң артындағы қалың қазағына, халқына арқа сүйегендей болып тұрды маған. Шона ағамыз қазақ халқы үшiн жаралғанын, қазақтың тiлi үшiн туғанын көрсетiп кеткен жан. Қылышынан қаны тамып тұрған заманның өзiнде Алматыдан қаншама мектеп, балабақша аштырды. Қасекең Шөкеңнiң осы ерлiктерiнiң бәрiн тiлге тиек еттi. “Қазiргi биiкте отырып, билiк айтқандардың көпшiлiгi iштен тынып отыр. Олардың бойында қазақтың намысы тұр, оларда арт жоқ дедi. Айта алмайды, қорқады. Мың шенеунiктiң iстей алмағанын бiр Шөкең iстедi. Мiне, сондықтан да, ол “менi халық жауындай көредi ғой, тiптi маған ескерткiш те қоймас” деген уайыммен, өзiне-өзi ескерткiш орнатып кетуiнiң өзi ақылдылық шығар” дедi. Шын мәнiнде елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн, өзi аштырған мектептердiң бiрiне Шөкеңнiң есiмi берiлдi, алдына ескерткiшi қойылды. Кезiнде халықты ол көтерiп едi, ендi халық оны көтерiп жатыр.

Qazyr.kz

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Абай Құнанбаев — Қыс

redaktor_qazyr

Антон Лапенко мен Maul Comic Con Astana фестивалінде жанкүйерлерімен кездесу өткізді

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Бұл веб-сайт тәжірибеңізді жақсарту үшін cookie файлдарын пайдаланады. Сізге бұл жақсы деп есептейміз, бірақ қаласаңыз, бас тартуыңызға болады. Қабылдау Толық оқу

Құпиялық және cookie файлдары саясаты