Алмалы ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында болды, деп хабарлайды Qazyr.kz
Қазіргі уақытта мұнда кең ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Театрды жаңарту қажеттілігі оның техникалық жай-күйіне байланысты туындаған. Кейбір құрылымдар сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сай келмеген, инженерлік жүйелер толық ескірген, ал ғимараттың қасбеті мен ішкі кеңістіктері әбден тозған.
Мердігер компания өкілдерінің мәліметінше, жобаның басты ұстанымы – театрдың тарихи келбетін сақтау. Осыған байланысты сыртқы қасбет қайта жасалып, ішкі әрлеу жұмыстары – аспашамдар, барельефтер, еден жабыны қалпына келтіріледі.
Бұған қоса, сахналық жабдықтар жаңартылып, техникалық бөлмелер заман талабына сай жабдықталады. Театр ішінде артистер мен қызметкерлерге арналған жаңа дайындық залдары, жұмыс орындары мен қойма қарастырылады. Қайта жаңғырту жұмыстарын театрдың 100 жылдық мерейтойына орай, 2026 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл өнер ордасы еліміз үшін маңызды мәдени нысан.
Дархан Сатыбалды театр маңындағы аумақты көркейту жобасымен де танысты. Жоба ұлттық нақышты сақтауға, музыкалық аспап бейнесіндегі шағын сәулет нысандарын орнатуға және сәндік алма ағаштарын егуге бағытталған.