Ауғанстан билігі Әмудария өзенінің бойындағы ең ірі әрі даулы гидротехникалық жоба саналатын Қош-Тепа каналының екінші кезеңіндегі жер қазу жұмыстарын 99 пайызға толық аяқтады. Ендігі кезекте трансшекаралық өзен арнасынан жаңа каналға су жіберу процесі басталуы мүмкін, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.

47 көпір және бас су реттегіштің құрылысы

Қолда бар ресми деректерге сәйкес, бүгінде өзеннен арнаға су өткізетін бас су қабылдау гидроқұрылысы мен реттегіш тораптың құрылысы мәресіне таяған. Мұнымен қоса, су шаруашылығы жүйесін толыққанды әрі қауіпсіз пайдалануға қажетті 47 көпір мен қосалқы инженерлік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Жобаны жүзеге асырушы ұлттық даму корпорациясының өкілі Набиулла Арғандивал мамандар негізгі арнаға су жіберу үшін қалған барлық техникалық шараларды жедел қарқынмен тәмамдап жатқанын растады. Бұл Орталық Азия бассейніндегі жаңа су дәуірінің басталуын білдіреді», – деп жазады халықаралық басылымдар.

Ташкенттің ұстанымы: 10 миллиард текше метр және құрғақшылық қаупі

Ауған тарапының бұл мәлімдемесі Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевтың мәлімдемесінен кейін жария етілді. Өзбек министрі Кабулмен дипломатиялық диалогтың тоқтамағанын жеткізіп, Ауғанстанның Әмудария суын тұтынуға заңды құқығы бар екенін мойындаған еді.

Хамраевтың сөзінше, Ташкент пен Кабул құрылыс толық біткен соң су алудың нақты лимиті мен каналды бірлесе пайдалану шарттарын айқындайтын қосымша келісімдерге қол қоюға уағдаласқан. Алдын ала есеп бойынша, мол сулы маусымдарда Қош-Тепа каналы арқылы жылына 10 миллиард текше метрге дейін су бұру жоспарланған. Ал өзен деңгейі түскен жылдары бұл көлем 6 миллиард текше метрді құрамақ.

«Өзбекстан тарапы бұл көрсеткіштер өзеннің нақты гидрологиялық жағдайына қарай қайта қаралуы тиіс екенін қатаң ескертеді. Құрғақшылық жылдары Ташкент су алу көлемін 4–6 миллиард текше метрден асырмауға қол жеткізіп, оның өтемі ретінде Кабулға заманауи аграрлық технологиялар мен ауыл шаруашылығы саласында жан-жақты көмек ұсынуды көздеп отыр», – делінеді су шаруашылығы ведомствосының хабарламасында.

Техникалық іске қосу мен 2030 жылғы меже

Сарапшылар екі тараптың мәлімдемелерінде уақыт пен мерзімге қатысты үлкен айырмашылық барын айтады. Өзбекстан министрінің дерегінше, Қош-Тепа арқылы толыққанды өндірістік көлемде су алу 2030 жылдан ерте іске аспайды, ал каналдың толық жобалық қуатына шығуы 2050 жылға дейін созылуы мүмкін.

Осылайша, «тәліптер» билігінің жақын күндері су жіберілетіні туралы сүйінші хабары – көбіне каналдың гидротехникалық нысандарын алғашқы техникалық сынақтан өткізу қадамы ғана. Дегенмен 2025 жылдың мамырында су саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған қос көрші үшін трансшекаралық су ресурстарын тең бөлу мәселесі алдағы онжылдықтағы ең түйінді геосаяси сынақ болып қала береді.