АҚШ-та өткен Конгресс пен губернаторлар сайлауы саяси сарапшылар күткен «көк толқыннан» да асып түсіп, Демократиялық партияның айқын басымдығын көрсеткен нағыз «көк цунамиге» айналды, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі саясаттанушы Талғат Қалиевтің талдауына сілтеме жасап.
Сенат пен Өкілдер палатасындағы тарихи бетбұрыс
Алдын ала қорытындылар бойынша, демократтар Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие болды. Associated Press дерегінше, Сенатта демократтар 53 орын алса, республикашылдар 47 орынмен шектелді. Ал Өкілдер палатасында (NBC мен CNN бағалауынша) демократтар 255 мандатты иеленіп, республикашылдарға 180 орын ғана қалдырған.
Ең ірі тарихи сенсациялар дәстүрлі «қызыл штаттарда» тіркелді. Канзаста 1932 жылдан бері алғаш рет демократ-сенатор сайланса, Огайо, Айова, Мэн, Солтүстік және Оңтүстік Каролинада да демократтар басым түсті.
«Ең үлкен саяси шок республикашылдардың мызғымас қамалы саналатын Техас штатында болды. Бұл штатта соңғы 40 жылда алғаш рет Демократиялық партиядан сенатор сайланып қана қоймай, губернаторлық креслоны да демократ жеңіп алды. Сайланған 36 губернатордың ішінде демократтар Джорджия, Огайо, Айова мен Техасты қоса алғанда шамамен 25 штатта көш бастады», – деп жазады Талғат Қалиев.
Трамптың соңғы екі айы және Жоғарғы сот интригасы
Жаңа Конгресс өз өкілеттігіне 3 қаңтарда кіріседі. Бұл Дональд Трамп әкімшілігінде Конгрестің келісімін қажет ететін заңдар мен кадрлық тағайындауларды өткізіп үлгеру үшін небәрі екі ай ғана уақыт қалғанын білдіреді.
Сарапшының айтуынша, басты интрига АҚШ Жоғарғы сотының айналасында өрбімек. Кезінде Джордж Буш тағайындаған, жасы 75-тен асқан екі консерватор судья өмір бойы қызмет ету құқығына ие. Егер Ақ үй оларды алдағы екі айда өз еркімен отставкаға кетуге көндіре алмаса, кейін олардың орнына жаңа судьяларды демократтар тағайындайтын болады.
Тергеулер сериясы және 2028 жылғы сайлаудың тағдыры
Жаңа Конгресс жұмысын бастаған бойда Дональд Трамптың, оның отбасы мүшелері мен командасының қызметіне қатысты ауқымды тергеулер сериясын бастайтыны анық. Бұл 2028 жылғы президенттік сайлау алдында Республикалық партияның беделін барынша әлсіретуге бағытталмақ.
«Ең маңызды жайт – Дональд Трамп тікелей өзі ұсынып, қолдау білдірген республикашыл кандидаттардың басым бөлігінің жеңіліс табуы. Бұл қазіргі президенттің саяси уыттылығы (токсичность) туралы сигналға айналып, оның алдағы праймериздегі ықпалын күрт төмендетуі мүмкін», – дейді саясаттанушы.
Сайлау қарсаңында берген сұхбатында Трамп жақтастарын «бюллетеньде менің фамилиям тұрғандай дауыс беріңдер» деп шақырған еді. Ал жеңілістен кейін жариялаған жазбасында ол нәтижеге «аздап таңғалғанын» мойындап, республикашылдардың сәтсіздігін бюллетеньде өзінің аты-жөні болмауымен ақтап алды. Дегенмен, сарапшы енді жаңа Конгресс Трамптың үшінші мерзімге сайлануына мүлде жол бермейтінін және қоғамды гуілдететін біраз әшкерелеулер болатынын атап өтті.
Айта кетейік, АҚШ-тағы саяси ахуал мен қаржылық шешімдер Қазақстан нарығына да тікелей әсер етеді. Бұған дейін Qazyr.kz Тоқаев пен Трамп талқылаған 1,6 млрд долларлық қазақ вольфрамы жобасына АҚШ тарапынан қаржыландыру қалай жүріп жатқаны, сондай-ақ АҚШ миллиардері Тодд Боэли «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерін сатып алуға ниетті екені туралы жазған болатын.