Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті жасанды интеллект саласындағы жоғары деңгейлі мамандардың басын қосқан алқалы форумға шақырғаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге алғыс білдіріп, көрші елдің ғылым мен озық технологиядағы тарихи және қазіргі жетістіктеріне оң бағасын берді.

«Ресей ежелден данышпан ғалымдарымен, әсіресе, инженерия саласындағы өнертапқыштарымен танымал. Дәл осы жерде Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Иван Кулибин, Николай Лобачевский, Андрей Колмогоров, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица және басқа да көптеген ақыл-ой алыптарының есімдерін атау орынды болар еді. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалды. Бұл жаңа тұрпатты технологиялық жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезең болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылым мен инновация – жаңа дәуірдің өзегі

Қазақстан Президенті атап өткендей, аталған дәстүр заманауи кезеңде де табысты жалғасын тауып келеді. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады. Мемлекет басшысы «Сбер» мен «Яндекс» сияқты алпауыт технологиялық компаниялардың нарықтағы орны мен инновациялық инфрақұрылымның ауқымын ерекше атап көрсетті.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу тақырыбы мемлекеттік реформалардың стратегиялық өзегі болып табылатынына назар аударды.

«Ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Қазақстан делегациясының қатарында салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллектіге құйылған 2,7 триллион доллар

Мемлекет басшысының пайымдауынша, қазіргі таңда адамзат жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр және бұл үдеріс жаһандық экономиканы түбегейлі трансформациялауда.

«Жасанды интеллект технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде ЖИ пайдаланатынын мәлімдеген. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.