Алматы әкімдігінде қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен балаларға арналған ғылым музейі жобасын жүзеге асыруға арналған кеңес өтті. Бұл музей Орталық Азиядағы алғашқы білім беру орталығы болмақ. Жоба мектеп оқушылары мен жастар арасында ғылымды кеңінен насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды Qazyr.kz
Музей Singapore Science Centre Global халықаралық франшизасы аясында Kingsmen Exhibits компаниясымен бірлесе іске асырылып жатыр. Ол тек білім беру орталығы ғана емес, сондай-ақ мектеп, колледж және университет бағдарламаларына заманауи ғылыми жетістіктерді енгізетін платформа ретінде қызмет етпек.
Кеңес барысында құрылыс жұмыстарының барысы талқыланды. Қазіргі уақытта бұзу жұмыстары аяқталуға жақын, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, инженерлік зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар ғимарат сейсмикалық талаптарға сай нығайтылып, халықаралық және жергілікті сарапшылардың қатысуымен музейдің мазмұндық тұжырымдамасы дайындалуда.
Жоспарға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында аяқталып, маусым айында музейдің ресми ашылуы өтеді. Алматы қаласының Білім басқармасы жобаға стратегиялық куратор ретінде бекітіліп, оның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етпек.
Дархан Сатыбалды жоба елдің стратегиялық маңызы бар бастамаларының бірі екенін атап өтіп, әр кезеңді сапалы орындау қажеттігін тапсырды. Әкімнің айтуынша, музей білім, ғылым мен мәдениетті біріктіріп, балалардың ғылыми ойлау қабілетін дамытып, заманауи технологиялармен таныстыруға, сондай-ақ олардың шығармашылық әрі зияткерлік тұрғыдан өсуіне жол ашады.

