Qazyr.kz порталы
АймақҚазір

«New SilkWay форумы: Қазақстан көлік дәліздерін дамытуға басымдық береді»

Алматыда Транспорттық апта аясында New SilkWay бизнес-форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысып, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру, цифрландыру және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқылануда.

Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телебайланыс арқылы қатысып, Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін іске қосты.

«Жаңа теміржол желісі Қазақстанның көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие. Ол халықаралық байланысты нығайтып, елдің транзиттік әлеуетін арттырады. Ұлы Жібек жолы ежелден халқымыздың жерімен өткен, бүгін біз осы дәстүрді жалғастырып отырмыз. Соңғы он жылда салаға 35 млрд доллар инвестиция құйылды. Алдағы уақытта 5 мың шақырым жаңа теміржол салынып, 11 мың шақырым жөнделмек», – деді Президент.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды форумға қатысушыларға арнап сөз сөйлеп, мегаполистің халықаралық көлік процестеріндегі рөлін атап өтті.

«Форумның дәл Алматыда өтуі символдық мәнге ие. Біздің қала ежелден Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және бүгінде Еуразиялық интеграцияның маңызды торабына айналып отыр. Жақында біз Алматы әуежайын 2050 жылға дейін дамыту жоспарын бекіттік. Оның мақсаты – әуежайды жылына 40 миллион жолаушыға дейін қабылдай алатын жетекші аймақтық авиациялық хабқа айналдыру», – деді қала басшысы.

Форум аясында «Үлкен Еуразия: ғаламдық өзгерістер жағдайындағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты стратегиялық сессия мен бірқатар елдердің көлік министрлері қатысатын дөңгелек үстел өтеді. Сондай-ақ іс-шараға халықаралық ұйымдар мен жетекші логистикалық операторлар қатыспақ.

Транспорттық апта шеңберінде 28-ші халықаралық TransLogistica Kazakhstan көрмесі де ұйымдастырылады.

Ұқсас жаңалықтар

Наурызбай ауданында инвестиция 49% өсті: әкім он айдың қорытындысын жариялады

admin_qazyr

Реформалардың мәні – 4: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт

admin_qazyr

Зеленский: Ресеймен келіссөздер тек мықты позициямен жүргізілуі керек

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz