Америкалық миллиардер, «Челси» футбол клубының тең қожайыны және Eldridge инвестициялық компаниясының жетекшісі Тодд Боэли бастаған инвесторлар тобы Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясының шетелдік активтерін сатып алу бойынша ресми келісімге қол қойды. Санкция астындағы ресейлік алпауыттың халықаралық бөлімшесін иеленетін бұл мәмілеге АҚШ үкіметі тікелей қатысып, келісім аясында Вашингтон компанияның үлескеріне айналады, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі CNN Business және Reuters агенттіктерінің деректеріне сүйеніп.
Боэли басқаратын консорциум құрамына АҚШ үкіметінің халықаралық инвестициялық қоры саналатын Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC), Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген Catena Investment Holding компаниясы және америкалық Xtellus Partners инвестициялық банкі кірген. Тараптардың мәлімдеуінше, келісім стратегиялық жаһандық энергетикалық инфрақұрылымдарды АҚШ пен оның одақтастарының бақылауына өткізуді көздейді.
«Келісім бойынша АҚШ үкіметі DFC арқылы компанияның директорлар кеңесінен орын алып, болашақта түсетін таза пайданың бір бөлігіне иелік етеді. Бұл ретте қаржылық төлемдер Мәскеуге тікелей қолма-қол ақша ретінде аударылмайды: мәміле санкция салдарынан бұғатталған ресейлік бағалы қағаздарды «Лукойлдың» шетелдегі үлесіне айырбастау (share swap) тетігі арқылы жүзеге асырылады».
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:Ғарыштан көрінген қою түтін: Хуситтер Сауд Арабиясының ең ірі мұнай зауытына соққы жасады→
Келісімге қандай активтер енеді?
Құны шамамен 16–22 миллиард долларға бағаланып отырған «Лукойлдың» шетелдік портфелі айтарлықтай ауқымды. Оған әлемнің 11 мемлекетінде тәулігіне 350 мың баррель мұнай эквивалентін өндіретін кеніштер, Еуропадағы (атап айтқанда Болгария мен Румыниядағы) үш мұнай өңдеу зауыты кіреді. Сонымен қатар, Еуропа, Солтүстік Америка және Орталық Азияның 16 елінде орналасқан 2 000-нан астам жанармай құю бекеті мен халықаралық трейдинг желісі де осы келісім аясында жаңа қожайындарға өтпек.
Сарапшылардың пікірінше, бұл трансферт әсіресе Еуропа нарығы үшін үлкен стратегиялық маңызға ие. Еуропа елдері дизель және өзге де жанар-жағармайды Мәскеуге тікелей тәуелді болмай, америкалық және халықаралық альянстың бақылауындағы өндіріс орындарынан еркін сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
АҚШ Қаржы министрлігінің мақұлдауы қажет
Мәмілеге ресми қол қойылғанымен, оның толық күшіне енуі үшін АҚШ Қаржы министрлігіне қарасты Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) арнайы рұқсаты талап етіледі. Тодд Боэлидің айтуынша, активтердің сан қырлылығы мен халықаралық юрисдикцияларды ескерсек, мәмілені толық аяқтауға бір жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Сондай-ақ келісім мақұлданған соң компанияның атауы түбегейлі өзгертілмек.
«Батыстың салған санкциялары Ресейдің ондаған жылдар бойы жинаған стратегиялық халықаралық энергетикалық активтерін басқаларға беруге мәжбүрлеп отыр. Бұл Вашингтон мен одақтастары үшін жаһандық мұнай нарығындағы геосаяси ықпалды күшейтудің таптырмас тетігіне айналды».
Айта кетейік, аталған алпауыттың Орталық Азиядағы, соның ішінде еліміздегі Теңіз, Қарашығанақ және Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) қомақты үлестері де бар. Бұған дейін Qazyr.kz аталған келісімге байланысты еліміздегі алып кеніштердің тағдыры қалай өрбуі мүмкін екенін және Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс пен мұнай инфрақұрылымына соққылар әлемдік энергетикаға қалай әсер етіп жатқанын жазған болатын.