Visual Capitalist халықаралық сараптама орталығы нарықтық капитализациясы бойынша әлемдегі ең қымбат жартылай өткізгіш (чип) өндірушілердің жаңа рейтингін ұсынды, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёвтың (FINANCE.kz) жазуынша, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар жарысы бұл саладағы көшбасшылардың нарықтық құнын бұрын-соңды болмаған межеге жеткізген.

Жарияланған жаһандық рейтинг нәтижесі бойынша әлемдегі ең құнды 10 микрочип өндірушісі мыналар:

  • 🇺🇸 Nvidia — $3,6 трлн;
  • 🇹🇼 TSMC — $1,78 трлн;
  • 🇺🇸 Broadcom — $1,44 трлн;
  • 🇰🇷 Samsung — $830 млрд;
  • 🇺🇸 Micron — $682 млрд;
  • 🇺🇸 AMD — $672 млрд;
  • 🇰🇷 SK Hynix — $553 млрд;
  • 🇳🇱 ASML — $502 млрд;
  • 🇨🇳 CXMT — $348 млрд;
  • 🇺🇸 Intel — $290 млрд.

АҚШ санкциялары және Қытайдың тосын серпілісі

Рейтингтің басты сенсациясы ретінде Қытайдың CXMT (ChangXin Memory Technologies) компаниясының бірден алғашқы ондыққа кіруі аталды. Нарықтық құны 348 миллиард долларға бағаланған қытайлық жад чиптерін өндіруші алпауыт тізімде тоғызыншы орынға жайғасты.

«Топ-10 тізімге капитализациясы 348 миллиард доллар болатын қытайлық жад өндірушісі CXMT бұзып-жарып кірді. Бұл — Бейжіңнің америкалық санкцияларды айналып өтіп, жеке чип өндірісін дамытуға бағыттаған саясатының тікелей нәтижесі», — деп атап өтеді FINANCE.kz телеграм-арнасы.

Жасанды интеллект монополиясы: Нағыз билік кімнің қолында?

Сарапшылар микрочиптер саласындағы нарықтық капитализация тек сыртқы көрсеткіш екенін, ал шынайы экономикалық билік пен ықпал өндірістік процестің аса тар монополиясында шоғырланғанын ескертеді. Мәселен, бүгінде жасанды интеллект нарығын өркендетіп отырған Nvidia чиптердің сызбасын ғана жасайды, бірақ оны физикалық түрде өз бетінше басып шығара алмайды.

«Nvidia чиптерді сызады, бірақ оларды физикалық түрде тек Тайваньның TSMC зауыты ғана шығарады. Ал оларды басып шығаратын арнайы станок-машиналарды жасай алатын жалғыз алпауыт — Нидерландтың ASML компаниясы. Жасанды интеллект бойынша бүкіл әлемдік экономика екі елдегі небәрі екі-үш компанияға байлаулы тұр. Нағыз билік — нарықтық капитализация емес, жылдам айналып өту мүмкін болмайтын осындай тар шеңберлер», — делінген хабарламада.

Бұл көрсеткіштер қазіргі жаһандық саяси және экономикалық бәсекеде микрочип индустриясы неліктен басты стратегиялық майданға айналғанын айқын дәлелдейді.

Айта кетейік, бұған дейін Qazyr.kz нарықтағы технологиялық серпіліс аясында жасанды интеллект жаңа еңбек күшіне айналып жатқаны және жаһандық деңгейдегі инвесторлар портфеліндегі тәуекелдер туралы жазған болатын.