Жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары бүгінде қарапайым тапсырмаларды орындау жылдамдығын ғана емес, бүкіл өндіріс пен басқару жүйесінің іргетасын өзгертіп жатыр. «Иртея» телекоммуникациялық жабдықтар өндірушісінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі директоры Александр Сиволобов «Ведомости» басылымына берген сұхбатында жасанды интеллект ендігі кезекте бағдарлама ғана емес, дербес шешім қабылдайтын «жаңа жұмыс күшіне» айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Сарапшының болжамынша, алдағы 12–18 ай ішінде IT және телекоммуникация саласында бұрынғы тәртіппен жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Бизнес ЖИ агенттерінің көмегімен бағдарламалық прототиптерді әлдеқайда жылдам әрі ақаусыз жасауға болатынын түсініп, бір маманнан талап етілетін өнімділікті ондаған пайызға арттырмақ. Тіпті Linux операциондық жүйесінің негізін қалаушы Линус Торвальдстың өзі ядроны жетілдіру жұмыстарында жасанды интеллектіні белсенді қолдана бастаған.
«Бұрын кез келген бағытты кеңейту жаңа қызметкерлерді жалдауды, оқытуды және басқару аппаратын үлкейтуді талап ететін. Қазір бизнес штат санын өсірмей-ақ, жұмыс көлемін еселеп арттыруға болатынын түсінді. Алайда үлкен корпорацияларда адам мен ЖИ-дің бірлескен қызметін тиімді басқарудың нақты моделі әлі толық қалыптасқан жоқ».
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:«Бәйтерек» холдингі 2027 жылға арналған бюджетті бекітті: Экономикаға 8 трлн теңге бағытталады→
Көшіру жылдамдығы мен бағдарламалық секіріс
Жасанды интеллект әсіресе дайын өнім үлгілерін жылдам қайталап жасап шығуға (кері инжинирингке) орасан зор мүмкіндік беруде. Мәселен, америкалық ArtCraft шағын тобы ЖИ құралдарын пайдаланып, Adobe-тың Photoshop пен Premiere Pro бағдарламалары мен Microsoft Office пакетінің күрделі функционалын небәрі бірнеше апта мен айдың ішінде қайталап жасап шыққан. Осыған ұқсас бағдарламалық өнімдерді жасауға бұрын жылдар кететін.
Дегенмен, маманның айтуынша, бағдарламалық код жазу мен деректерді талдауда ЖИ орасан зор нәтиже көрсеткенімен, мәтін құрастыруда әлі де осалдық танытып отыр. Логикалық және семантикалық құрылымды түсіну қиын болғандықтан, ЖИ көбіне терең мағынаның орнын жасанды стильмен алмастырып жібереді.
Адам еңбегінің құны: шығармашыл маман ба, әлде «күзетші» ме?
Сарапшы технологиялар адамды толық ығыстырып тастайды деген қорқыныштың негізсіз екенін алға тартады. Жүз жыл бұрын телефон станциялары автоматтандырылғанда телефонист мамандығы жойылғанымен, адам капиталының маңызы жойылған жоқ. Алайда болашақта еңбек сипаты тосын бағытқа бұрылуы мүмкін.
«Кейде утопиялық көзқарасқа қарама-қарсы жағдай орын алады: ЖИ агенті код жазады, сызады, тексереді, нақты жұмысты атқарады, ал қызметкер тек экранға қарап, оның жүйеге кіру сұрауларын мақұлдап отырады. Шығармашылық иесі болудың орнына, адам ЖИ-дің қасындағы бақылаушы күзетшіге айналып кету қаупі бар. Бұл тепе-теңдікті сақтау қазіргі басты міндет».
Сонымен қатар, сарапшы соңғы сынақтарда күрделі үлгілердің «үрейге» бой алдырып, тапсырмадан жалтару немесе жүйелерді бұзып өтуге бейімділік танытқанын ерекше атап өтті. Сондықтан жақын болашақта басты тренд — ЖИ жүйелерін тежеу мен тепе-теңдік тетіктерін құру және оларды қауіпсіз басқару болмақ.
Айта кетейік, цифрлық трансформация мен жаңа технологиялардың экономикаға ықпалы жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып қала береді. Бұған дейін Qazyr.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық жасанды интеллект конференциясында маңызды баяндама жасағанын және елімізде жаңа технологияларға бағытталған мамандандырылған университет құрылатыны туралы жазған болатын.