Qazyr.kz порталы
Саясат

Ерлан Қарин: Президенттің жеті жылдық бір мерзімі өзгермейтін конституциялық құндылық

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық Соттың бүгінгі түсіндірмесі таза нормативтік-құқықтық сипатқа ие екенін айтты, деп жазады .

Оның айтуынша, бұл жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты туындаған рәсімдік мәселелерге берілген құқықтық жауап. Әңгіме жаңа мемлекеттік-саяси модельге көшу кезеңінде лауазымдарға қатысты нормаларды қалай қолдану керегі туралы болып отыр.

Ерлан Қариннің түсіндіруінше, жаңа Ата Заң күшіне енгеннен кейін 1 шілдеден бастап бір реттік өкілеттік мерзімі қолданылатын бірқатар лауазымды тұлға тағайындалуға тиіс болды. Олардың қатарында Жоғарғы Сот Төрағасы, Бас Прокурор, Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары бар.

Осыған байланысты «бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норманы қазіргі қызметтегі лауазымды тұлғаларға қолдану керек пе, әлде олардың қайта тағайындалуына құқықтық мүмкіндік бар ма?» деген сауал туындаған.

Ерлан Қариннің айтуынша, Конституциялық Сот осы мәселеге нақты құқықтық жауап ұсынды. Бір реттік өкілеттік мерзімі туралы норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға тағайындалған адамдарға ғана қолданылады.

Оның сөзінше, құқықтық реттеудің бірізділік қағидатына сәйкес, бір реттік өкілеттік мерзім жөніндегі норма қазіргі Президентке де қатысты болады. Бұл жерде Президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы ереже ерекше мәнге ие.

Ерлан Қарин аталған ереженің мемлекеттің Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны сияқты мүлдем өзгермейтін конституциялық құндылықтар қатарына жататынын атап өтті. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 5-тармағында бекітілген.

Оның айтуынша, Конституциялық Соттың түсіндірмесі қандай да бір тұлғаның автоматты түрде тағайындалатынын немесе сайланатынын білдірмейді. Ол тек тиісті адамның сайлауға түсуіне немесе лауазымға тағайындалуына құқықтық мүмкіндік бар екенін айқындайды.

Ерлан Қарин осыған байланысты Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Бас Прокурорды тағайындағанын айтты.

Оның бағалауынша, Конституциялық Соттың бүгінгі шешімі жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастырумен байланысты ауқымды үдерістің кезекті бөлігі ғана. Қазір жаңа институттарды іске қосу бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр.

Ерлан Қарин Құрылтай сайлауы тағайындалғанын, саяси партиялар съездерін өткізіп жатқанын, сондай-ақ «Қазақстан Халық Кеңесі» хатшылығын құру туралы Жарлыққа қол қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұның бәрі жаңа Конституция негізінде қалыптасып жатқан саяси архитектураның кезең-кезеңімен іске қосылып жатқанын көрсетеді.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянды қабылдады

admin_qazyr

Германия Ресейдің гибридтік қауіп-қатерлеріне қарсы шараларды күшейтуді ұсынды

redaktor_qazyr

Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz