30 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Тяньцзинь қаласына барып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Бұл кездесу Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен «ШОС плюс» отырысының алдында өтті. Қытайдың жетекші ақпарат құралдары мемлекет басшыларының келіссөздеріне кең көлемде назар аударып, әрқайсысы өз қырынан талдады.
Xinhua: Тарихи және символдық мән
Қытайдың ресми Xinhua агенттігі кездесуді тарихи тұрғыдан бағалады. Журналистер атап өткендей, Тоқаевтың сапары Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралармен тұспа-тұс келді. Бұл қадам Қытай үшін символдық мәнге ие болып, екі ел арасындағы өзара сенім мен жақындықты айқындады. Си Цзиньпиннің айтуынша, әлемдегі өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мен Қытай әділ халықаралық тәртіпті орнату ісінде әрқашан бірге әрекет етуі тиіс.
CGTN: Ынтымақтастықтың нақты нәтижелері
CGTN телеарнасы келіссөздердің практикалық нәтижелеріне назар аударды. Репортажда энергетика, технология, білім, спорт және табиғатты қорғау салаларын қамтитын 20-дан астам құжатқа қол қойылғаны атап өтілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастары тарихтағы ең жоғары деңгейіне жетті» деген сөзі ерекше мәнге ие болды. Өз кезегінде Си Цзиньпин Астана мен Бейжің бір-бірін батыл қолдап, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет екенін жеткізді.
Gov.cn: Дипломатиялық басымдық
Үкіметтік gov.cn порталы кездесу барысын ұстамды түрде көрсетті. Онда қол қойылған құжаттардың егжей-тегжейіне тоқталмай, екі елдің сенімді серіктес әрі достық қатынастағы көршілер екені атап өтілді.
ҚХР СІМ: Сенімді көршілер және стратегиялық серіктестер
Қытайдың Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде Қазақстан мен Қытайды «бір-біріне сенетін әрі арқа сүйейтін көршілер» деп сипаттап, стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. Энергетика, көлік дәліздері және мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастықтың рөлі ерекше аталды. Бұл бағыттар екі ел арасындағы Мәдени алмасу жылы аясында маңызды мәнге ие болмақ.
Қытайдың жетекші ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тоқаев пен Си Цзиньпиннің Тяньцзиньдегі кездесуі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерудің маңызды қадамы болды. Әр дереккөз өз қырынан қарастырғанымен, барлығы да екі ел ынтымақтастығының болашағы зор екенін атап өтті.

