Әлемдік қаржы нарығының аңызы Уоррен Баффет басқаратын Berkshire Hathaway инвестициялық қоры 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы мәмілелерін қорытындылап, ірі активтер бойынша өзгерістерді жариялады. Миллиардтаған долларды басқарып отырған алпауыт қор бұл жолы да нарықтағы құбылмалылыққа қарамастан, өзгермейтін ұзақ мерзімді стратегиясына адалдық танытқан, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі The Tenge сараптамасына сілтеме жасап.

Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша Berkshire Hathaway авиация мен құрылыс секторына салған үлесін арттырды. Атап айтқанда, жанармай бағасының өсуі мен саланың рентабельділігіне қысым түскеніне қарамастан, жолаушылар ағынының тұрақтылығына сенім артқан Баффет Delta Air Lines акцияларын сатып алуды жалғастырған. Сонымен қатар, ипотекалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты құлдырауды бастан өткеріп жатқан АҚШ-тың ірі құрылыс алпауыты Lennar үлесін едәуір көбейтіп, баспана нарығының болашақта қалпына келуіне ұзақ мерзімді бәс тікті. Мұнымен қоса, SiriusXM спутниктік радио холдингі мен Macy’s әмбебап дүкендер желісінің үлесі де қор қоржынында өскен.

«Баффеттің сату операциялары арасында Bank of America акцияларын азайтуы ерекше назар аудартады. Сондай-ақ қор ұзақ жылдар бойы ұстап келген қаржы секторындағы тағы бір актив — Capital One Financial пакетін қысқартты. Мұнымен қатар, VeriSign домендік инфрақұрылымы, Kroger супермаркеттер желісі мен DaVita диализ орталықтарынан да инвестицияларын ішінара кері қайтарып, жинақталған жоғары пайданы бекітіп алды».

Баффеттің портфелін қайталау: қарапайым инвестор үшін несімен ұтымды?

Көптеген бөлшек инвесторлар миллиардердің портфеліндегі акцияларды көріп, өз қаржысын дәл сондай қағаздарға салғысы келеді. Бұл заңды түрде тыйым салынбаған әрі оның айқын артықшылықтары бар. Біріншіден, қарапайым адам әлемдегі ең мықты сарапшылар тобының терең зерттеулерін тегін пайдаланады. Екіншіден, Баффет тек тұрақты, түсінікті және пайда әкелетін бизнеске инвестиция салғандықтан, алыпсатарлық «хайп» компанияларға ұрынып қалу қаупі азаяды. Үшіншіден, бұл қадам инвесторды тәртіпке, сабырлылыққа және күнделікті дүрбелеңге ермей, ұзақ мерзімге қарауға үйретеді.

Соқыр көшірудің қаупі: неге басым көпшілік ақшасынан айырылады?

Дегенмен, қаржы сарапшылары Баффеттің мәмілелерін соқыр көшіру апатқа алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Оның басты себебі — ресми 13F есебі тоқсан аяқталғаннан кейін 45 күн ішінде ғана жарияланады. Яғни, қарапайым инвестор Баффеттің 2–3 ай бұрын жасаған қадамдарын кешігіп көреді, ол кезде нарықтағы баға түбегейлі өзгеріп кетуі ықтимал.

Оған қоса, көпшілікке жарияланатын есепте тек АҚШ биржасындағы акциялар ғана көрсетіледі. Ал Баффеттің қолындағы алып қаржы жастығы (кэш), облигациялар, Berkshire Hathaway-ге толық тиесілі жеке кәсіпорындар мен Жапонияның сауда үйлеріне салынған инвестициялар бұл тізімге кірмейді. Бұл дегеніміз — сіз алып айсбергтің тек су бетіндегі ұшын ғана көресіз.

«Ең басты айырмашылық — уақыт пен психологиялық төзімділікте. Баффет акцияларды ондаған жылдар бойы ұстап, кез келген терең дағдарыс пен құлдырауды аса сабырлылықпен өткізе алады, өйткені оның қаржылық қауіпсіздік қоры шексіз. Ал қарапайым инвестор баға 10–20%-ға төмендегенде үрейге бой алдырып, қағаздарын шығынмен сатып жібереді де, күйреп тынады».

Қорыта айтқанда, Баффеттің портфелін қадағалау — тегін әрі таптырмас қаржылық мектеп. Алайда оның акциялар тізімін тура көшіру емес, инвесторлық қағидасын меңгеру маңызды: нақты әрі түсінікті бизнесті әділ бағаға ұзақ мерзімге сатып алу және баға құлдыраған сәтте үрейге салынбау. Нағыз Баффет философиясының мәні тикерлер тізімінде емес, осында жатыр.

Айта кетейік, әлемдік және ішкі нарықтағы осындай қаржылық құбылмалылық кезінде сарапшылар жеке жинақтарды сауатты әртараптандыруды ескертеді. Бұған дейін Qazyr.kz елімізде депозит мөлшерлемесі төмендеуі мүмкін екенін және нарықтағы өзгерістерге сай пәтер алып жалға берудің сызбасы қалай жұмыс істейтінін жазған болатын.