Әлихан Смайылов төрағалық ететін ҚР Жоғары аудиторлық палатасы газ саласын дамытуға бағытталған ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын шығарды. Тексеру нәтижесінде миллиардтаған қаржылық бұзушылықтар мен саладағы жүйелі кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.

Сапасыз газ және экспорттағы мәжбүрлі жеңілдіктер

Аудиторлардың дерегінше, Қазақстанның газ қоры айтарлықтай мол: жалпы қор 3,8 трлн текше метрді құраса, 2022–2025 жылдар аралығында жалпы газ өндіру көлемі 239,5 млрд текше метрге жеткен. Алайда ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісі баяу дамып, азаматтар мен экономиканың өсіп келе жатқан сұранысына ілесе алмай отыр.

Сонымен қатар ішкі нарықтың санаулы ғана жер қойнауын пайдаланушыларға тәуелділігі сақталуда, ал жеткізілетін газдың сапасы талап етілетін стандарттарға әрдайым сай келе бермейді.

«Кондицияға сай келмейтін тауарлық газ компрессорлық жабдықтардың тозуын тездетіп қана қоймай, Ұлттық операторды газды шетелге экспорттау кезінде мәжбүрлі түрде жеңілдіктер (дисконт) жасауға итермелеп отыр», – делінген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында.

Тозған құбырлар мен Солтүстікті газдандыру тығырығы

Тексеру барысында саладағы стратегиялық жоспарлау жүйесі ішкі тұтынудың өсуі, ресурстық базаны дамыту және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосу арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етпейтіні белгілі болды. Бағдарламалық құжаттарда геологиялық барлауды ынталандыру, жерасты газ қоймаларын дамыту және цифрлық трансформация индикаторлары жетіспейді.

Бұдан бөлек, Ұлттық оператордың стратегиясында солтүстік өңірлерді газдандыруды қаржылық қамтамасыз ету және ресурстық базаны тиімді басқару тетіктері қарастырылмаған. Қазіргі таңда Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және 77 мың шақырымға жуық газ тарату желілерін пайдаланады. Олардың едәуір бөлігі нормативтік мерзімнен тыс пайдаланылып келеді, ал жаңғырту мен жөндеу жұмыстары тым баяу жүргізілуде.

42 миллиардтан астам заңбұзушылық пен тиімсіз шығын

2025 жылдың қорытындысы бойынша ел халқын газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жетіп, 13,1 млн адам немесе 2 240 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Дегенмен өңірлік теңгерімсіздік пен салынған нысандарды пайдаланушы ұйымдарға уақытылы тапсырмау проблемасы әлі де өзекті.

«Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 24,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, сондай-ақ 18,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды. Тексеру барысында бюджетке 59,4 млн теңге өндіріліп, тағы 20,2 млрд теңге есепке алу және жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілді», – деп мәлімдеді ведомство.

Айта кетейік, ұлттық компаниялар мен стратегиялық салалардағы бақылау мен есептілік мәселесі соңғы кезде жиі сынға ұшырауда. Бұған дейін Qazyr.kz Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің «Қазатомөнеркәсіп» төңірегіндегі тексерістерді сынға алғаны және «Самұрық-Қазына» қорының нарықтық табыстан гөрі қағаз жүзіндегі есепке байланып отырғаны туралы сараптама жариялаған болатын.