Қазақстанның ірі тау-кен металлургия алпауыты «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру кезіндегі алаяқтық пен коммерциялық сатып алу (пара алу) фактілері бойынша үш бірдей қылмыстық іс тіркелді. Заңсыз әрекеттер Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында орын алған деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі KazTAG агенттігіне сілтеме жасап.

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз схемалар «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының бірлескен арнайы іс-қимылдарының нәтижесінде әшкереленген. Аталған фактілер негізінде қылмыстық істер қозғалып, қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«2026 жылдың қараша айында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында корпорация кәсіпорындарына жұмысқа орналасуға байланысты құқыққа қайшы әрекеттердің үш жағдайы анықталды. Аталған деректер бойынша алаяқтық және коммерциялық сатып алу баптары бойынша үш қылмыстық іс тіркелді», — деп мәлімдеді корпорация өкілдері.

Жұмысқа тұру тек тегін байқау арқылы жүреді

Өндірістік холдинг жұмысқа қабылдау барысында кез келген жемқорлық, заңсыз делдалдық және алаяқтық әрекеттерге мүлдем төзбеушілік (нольдік төзімділік) қағидатын қатаң ұстанатынын мәлімдеді. Компания басшылығы корпорациядағы лауазымды немесе таныстықты жеке бастың баюына пайдалануға жол берілмейтінін баса айтты.

Корпорация өкілдері үміткерлерден делдалдардың «кепілдендірілген жұмыс орнын сатып алу» туралы уәделеріне сенбеуді және күмәнді тұлғаларға бірде-бір теңге төлемеуді сұрады.

«Қазақмысқа» жұмысқа орналасу тек ашық конкурстық іріктеу негізінде жүзеге асырылады және ол мүлдем тегін. Барлық өзекті бос жұмыс орындары ресми career.kazakhmys.kz мансап порталында ғана жарияланады. Үміткерлерді іріктеу кезеңдерінің ешқайсысында ақшалай жарна енгізу немесе қандай да бір сыйақы беру көзделмеген», — деп ескертті компания.

Өңірдегі тұрақты мәселе

Айта кету керек, Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы моноқала тұрғындары үшін «Қазақмыс» өндірістік нысандары негізгі тұрақты табыс көзі саналады. Сол себепті алаяқтар қарапайым азаматтардың жұмысқа кіруге деген ниетін пайдаланып, қомақты қаржы бопсалауды жиі әдетке айналдырған.

Бұған дейін де өңірде өзін «ықпалды кадр қызметкері» ретінде таныстырып, тұрғындардан 1,5 миллионнан 2,5 миллион теңгеге дейін ақша алған күдіктілердің ұсталғаны белгілі. Корпорация мен құзырлы органдар азаматтарды күдікті жағдайлар туындаған кезде шұғыл түрде SENIM сенім желісіне (8-800-080-8089) немесе полицияға хабарлауға шақырады.