Ақтөбе қаласында 5 мың орындық заманауи әмбебап спорт кешені салынады. Нысанның құрылысы мен оны толық жабдықтауға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.

Бұл маңызды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Өңірдегі спорт нысандарының тапшылығы шешіледі

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында халықтың сұранысын 73,2%-ға қамтамасыз етіп отырған 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде өңірде 31 жаңа кешен пайдалануға берілгенімен, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеме әлі де өте жоғары. Бұл тұрғындар мен өскелең ұрпаққа арналған жаттығу бағдарламаларын кеңейтуге мүмкіндік бермей отыр.

Жаңа кешеннің жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады және ол толықтай отандық құрылыс материалдарымен салынуда. Жобада халықаралық жарыстарға арналған 5 мың орындық негізгі арена, 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні, гимнастика, ойын түрлері (баскетбол, волейбол, футзал) мен йога залдары қарастырылған.

Кәсіби жабдықтар мен инклюзивті орта

Кешеннің жаттығу залдары ең озық кәсіби жабдықтармен жарақтандырылады. Оларды сатып алу Инфрақұрылымды дамыту қорынан бөлінген қаржы есебінен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ спортшыларды даярлауға отандық және шетелдік білікті бапкерлер тартылады.

Жобада кедергісіз орта қалыптастыруға басты мән берілді. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін трибуналарға, бассейнге, киім ауыстыру және жаттығу залдарына еш қиындықсыз қатынау мүмкіндігі толық қамтамасыз етіледі.

Ауқымды кешенді 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, биыл ел бойынша 188 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, бүгінге дейін 69 нысан (оның 51-і ауылдық жерлерде) пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 52 нысан ел игілігіне тапсырылады.