Атырау облыстық соты Қашаған консорциумының операторы — North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының апелляциялық шағымын ішінара қанағаттандырды. Сот алқасы 2,36 триллион теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды өндіріп алу бойынша жүріп жатқан атқарушылық өндіріс шеңберінде сот орындаушысының компания мүлкімен мәміле жасауға салған тыйымын заңсыз деп тапты деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Бұған дейін халықаралық консорциум сот орындаушысының өткен шілде айында шығарған бес бірдей қаулысына қарсы сотқа шағым түсірген болатын. Атап айтқанда, NCOC атқарушылық іс қозғау, жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарына тыйым салу, сондай-ақ борышкердің мүлкімен кез келген әрекеттер жасауына тосқауыл қойған 2026 жылғы 30 шілдедегі шешімдерді заңсыз деп тануды талап еткен еді. Аталған тыйым NCOC-қа активтердің кемуіне әкелуі ықтимал кез келген келісімдерді жасауға, соның ішінде мүлікті сатуға, сыйға тартуға, өткізуге, есептен шығаруға және талап ету құқығын басқаға беруге толық тыйым салған болатын.
«Сот қаулыда мұндай қатаң шектеу шарасын қолданудың нақты құқықтық негізі көрсетілмегенін, оған түрткі болған мән-жайлар толық ашылмағанын және тыйым салынатын субъект тиісті түрде айқындалмағанын анықтады. Сондай-ақ қаулы мәлімет үшін және орындауға „PSA“ ЖШС-не жолданған, алайда сот орындаушысы бұл ұйымның процессуалдық мәртебесін дәлелдеп бере алмаған».
Сот орындаушысы шараларды қайта қолдана алады
Атырау облыстық соты даулы қаулыны заңсыз деп танып, оның күшін жойғанымен, сот орындаушысының заң талаптарын сақтай отырып, мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету шараларын қайта енгізу құқығы сақталатынын ескертті. Яғни талаптар заңдастырылған түрде қайта ресімделсе, шектеулер қайта енгізілуі әбден мүмкін.
Сонымен қатар апелляциялық сот мұнай алыбының шағымының қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартты. Осылайша, NCOC-тың жылжымайтын мүлкі мен көлік құралдарына бұрын салынған бұғат пен өзге де негізгі шектеулер өз күшінде қалды.
«2,36 трлн теңгелік экологиялық айыппұл — Қазақстанның мұнай-газ саласы тарихындағы ең ірі қаржылық даулардың бірі. Бұл текетірес халықаралық арбитраж деңгейіне дейін жетіп, еліміздің ұлттық мүддесі мен шетелдік инвесторлар арасындағы үлкен геоэкономикалық күреске ұласып отыр».
Қашаған консорциумына қатысты сот шешімдері отандық мұнай-газ секторындағы мемлекеттік реттеу мен халықаралық инвестициялық келісімшарттар арасындағы тепе-теңдіктің қаншалықты күрделі сынақтан өтіп жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.