Бүгін Ақтөбеде Tethys халықаралық компаниясының Қазақстандағы еншілес кәсіпорны — «TethysAralGas» ЖШС-нің (TAG) кепілге қойылған мүлкін мәжбүрлеп сату бойынша электронды аукцион өтуі тиіс. Бастапқы құны 1,435 миллиард теңге болатын бірыңғай лотпен Бозой кентінде орналасқан екі бірдей магистралды газ құбыры, екі қысымды арттырушы компрессорлық станция және ірі өндірістік ғимараттар кешені сатылымға қойылды деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі.
Аталған мүлік кепілге 2012 жылы «Eurasia Gas Group» компаниясының «Bank RBK» алдындағы берешегі бойынша қойылған болатын. Кейіннен бұл талап ету құқығы DSFK ұйымына өткен. Tethys басшылығының мәлімдеуінше, шегініс қаржысы (отступные) толық төленгеніне қарамастан, үшінші тараптың қарсы міндеттемелерді орындамауы салдарынан кепілдіктен босату процесі аяқсыз қалған. Биыл TAG бұл активтерді өзінің үлестес құрылымы («Құл-Бас») арқылы 1,076 млрд теңгеге сатып алуға тырысқанымен, жеке сот орындаушысы (ЖСО) мәмілені тоқтатып тастаған еді.
«2026 жылғы 9 қарашада ҚР Жоғарғы Сотының кассациялық алқасы сот орындаушысының әрекетін заңды деп танып, мүлікті мәжбүрлі аукционға шығаруға толық „жасыл жарық“ жақты. Қазір компанияның заңгерлері DSFK ұйымы берешектің нақты сомасын сот алдында толық дәлелдей алмағанын алға тартып, бәссауданы тоқтатуға әрекеттеніп жатыр».
Компания негізгі активтерінен айырылуы мүмкін
Сарапшылардың пікірінше, егер бүгінгі сауда сәтті өтіп немесе инфрақұрылым DSFK меншігіне өтетін болса, «TethysAralGas» өз өндірістік қызметі үшін аса маңызды газ тасымалдау торабынан түпкілікті айырылып қалу қаупінде тұр. Бұл өңірдегі өндірістік тізбек пен көгілдір отынды жеткізу жұмыстарына да тікелей әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар халықаралық сот мінберлерінде де компания айналасындағы даулар толастамай отыр. Tethys таратқан мәліметке сүйенсек, жуырда, яғни 13 қарашада Канаданың Онтарио провинциясының соты «Fincraft Group» компаниясының Tethys тобының заңды тұлғаларына қатысты берген өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Онда акционерлердің жылдық жалпы жиналысын өткізуге байланысты сотқа құрметсіздік танытты деген айып тағылған еді.
«Онтарио соты тараптар арасындағы даулы мәселелер Канада аумағында емес, компания тіркелген құзыретті орында — Кайман аралдарының соттарында қаралуы тиіс екенін мәлімдеді».
Ақтөбедегі бәссауда мен Бозой газ торабына қатысты сот шешімдері отандық энергетика нарығындағы ірі қаржылық таластардың күрделілігін және өндірістік активтерді сақтап қалу үшін тартыстың шегіне жеткенін айқын көрсетіп отыр.