Осы аптада әлемдік қор биржаларындағы кей акциялар құнының күрт құлдырауы мен АҚШ мемлекеттік облигациялары (US Treasuries) кірістілігінің өсуінен туындаған пессимизмнің Қазақстан қорларына тигізетін әсеріне ресми баға берілмек. Жаһандық нарықтағы бағаның төмендеуіне басты драйвер ретінде технология алыбы саналатын Nvidia компаниясының баға белгілеулері түрткі болды деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі DALA INSIDE дереккөзіне сүйеніп.
Қаржы сарапшыларының мәліметінше, жаһандық нарықтағы мұндай тербелістер елдің стратегиялық резервтері үшін із-түзсіз кетпейді. Себебі отандық қорлардың қомақты бөлігі дәл осы халықаралық активтерге салынған.
«Қазір Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) шетелдік акцияларда ұстап отырған ақшасы шамамен 13,9 трлн теңгені немесе 31 млрд долларды құрайды. Бұл аз сома емес. Сондықтан Nvidia мен US Treasuries бойынша жағдай алаңдауға тұрарлық».
Nvidia үлесі портфельге қалай әсер етеді?
Соңғы сауда күндері Nvidia акциялары шамамен 10 пайызға бірден арзандады. Егер Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ның шетелдік акциялар портфеліндегі Nvidia үлесі шартты түрде 1 пайызды құрайды деген сценарийді негізге алсақ, бұл құлдырау портфельдің нарықтық құнын шамамен 13,94 миллиард теңгеге төмендетеді. Бұл жалпы көлемі 30,97 миллиард доллар болатын алып портфельдің 0,1 пайызына тең.
Дегенмен Қазақстанның инвестициялық портфельдеріне келетін қысым тек бір ғана компанияның бағасымен шектелмейді. АҚШ қазынашылық облигацияларының (US Treasuries) кірістілігі көтерілгенде, бүкіл әлемдік акциялар нарығына ауыр салмақ түседі. Мұның қаржылық механизмі де өте қарапайым: АҚШ мемлекеттік облигациялары инвесторларға жоғарырақ кепілді кіріс ұсына бастағанда, нарық қатысушылары тәуекелі жоғары акциялардан да көбірек табысты талап етеді. Бұл құбылыс Nvidia-мен шектелмей, жаһандық индекстерге кіретін басқа да ірі алпауыттарға таралса, Қазақстан активтеріне тигізер салдары әлдеқайда ауқымды болуы ықтимал.
«Егер 30,97 миллиард долларлық портфельді негізге алсақ, шетелдік акциялардың жалпы нарықтық құны небары 1 пайызға төмендегеннің өзінде, шығын 309,7 миллион долларды немесе шартты 450 теңгелік бағаммен есептегенде 139,36 миллиард теңгені құрайды».
Тәуекелдер мен нарық қозғалысы жіті бақылауда
Мамандар бұл есептеулер портфельдің нарық қозғалысына сезімталдығын көрсететін модельдік сценарий екенін ескертеді. Себебі АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі 1 пайыздық тармаққа өскенде, акциялар құны тура 1 пайызға түседі деген қатып қалған қағида жоқ. Сонымен бірге биржалық индекстің жалпы тербелісі мен нақты қоржынның соңғы нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жауапты ведомстволар мен қаржы сарапшылары Nvidia-дағы жеке позициялармен бірге, Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ға тиесілі шетелдік бүкіл акциялар портфелінің динамикасын жіті бағалап, ықтимал тәуекелдерге мониторинг жүргізіп жатыр.