2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға кең ауқымды соғыс бастағалы бері 720 мыңнан астам ресейлік әскери қызметші қаза тапқан. Бұл деректер Ресейдің статистика агенттігі — Росстаттың хакерлер қолына түскен ішкі тізіліміне жасалған терең сараптама нәтижесінде белгілі болды деп хабарлайды CNN телеарнасы.
Жүргізілген талдауға сәйкес, соғыстың жалпы мерзіміне шаққанда Ресей армиясы орта есеппен әрбір төрт минут сайын бір жауынгерінен айырылып отырған. Мұндай ауқымды шығын Ресей тарихында Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұрын-соңды тіркелмеген ең қанды көрсеткіш ретінде бағалануда.
«Ресейдің статистика бюросы — Росстаттың бұзылған базасында 2026 жылдың қыркүйек айының соңына дейін 490 мың әскеридің өлімі ресми расталған. Ал хабар-ошарсыз кеткендер мен құжаттық рәсімдеуі созылған жағдайларды есептегенде, қаза тапқандардың нақты саны 720 мыңнан асып жығылады».
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:«Цифрлық жиһад»: «Хорасан уәлаяты» жасанды интеллектіні қалай игеріп жатыр?→
Құпия ақпарат қалай әшкере болды?
Кремль 2022 жылдың қыркүйегінде соғыста 5 937 сарбаз ғана көз жұмды деп мәлімдегеннен кейін ресми адам шығынын мемлекеттік құпия дәрежесіне дейін жасырған болатын. Тіпті шынайы келеңсіз демографияны жасыру мақсатында 2025 жылы Росстаттың ашық есеп беруі түгел тоқтатылды.
Алайда қараша айында «Беларусь Киберпартизандары» мен украиналық «Silent Crow» хакерлік топтары Росстаттың орталық серверлеріне шабуыл жасап, 11 миллионнан астам өлім куәліктерінің мәліметтерін желіге шығарды. Тәуелсіз басылымдар (соның ішінде Meduza және Mediazona) мен сақтандыру саласындағы актуарлық есептеу әдістерін қолданған сарапшылар бұл мәліметтерді толық зерттеп шықты.
«Майданда қаза тапқандардың жалпы саны КСРО-ның он жылға созылған Ауған соғысындағы (шамамен 15 мың) және Ресейдің Шешенстандағы қос соғысындағы адам шығынын жүздеген есеге шаң қаптырып кетті».
Демографиялық соққы және армияның «қартаюы»
Құжаттардағы мәліметтер Ресей қоғамына тиген демографиялық соққының ауқымын да көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресейдегі 65 жасқа дейінгі ер адамдар өлімінің 29%-ына тікелей соғыс қимылдары себеп болған. Бұл тіпті дәстүрлі жүрек-қан тамырлары ауруларынан да басып озған.
Сонымен бірге майданда шейіт болғандардың орташа жасы соғыс басындағы 34 жастан қазір 40 жасқа дейін жеткен. Ең көп адам шығыны Ресейдің депрессиялық өңірлері мен шалғай аймақтарына тиесілі болса, ең қанды ұрыстар Донецк бағытындағы Покровск, Авдеевка және Бахмут түбінде болған.