Өткен жазда Украинаның Запорожье қаласына құлап, үш адамның өмірін қиған ресейлік соққы беруші дронның қалдықтарын зерттеген инженерлер оның бортынан америкалық алпауыт өндіруші шығарған микрокомпьютерлерді тапты. Кейінірек дәл осындай бөлшектер Ресейдің майданда сынақтан өткізіп жатқан су жаңа қанатты зымыранының ішінен де шықты. Бұл технологиялық алпауыт — әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі, чип жасау саласының көшбасшысы Nvidia болып шықты деп хабарлайды The Atlantic басылымы.
Украинада бейбіт қалаларды қырып-жоюға арналған, жасанды интеллект алгоритмдерімен нысана көздейтін әскери қарулардан Nvidia өндірген Jetson Orin микрокомпьютерлері табылған кезде компания бұған ресми жауап қатты. Nvidia өкілі The New York Times басылымына берген түсініктемесінде бұл құрылғылардың әскери мақсаттағы өнім емес екенін, олардың студенттерге, зерттеушілерге және технологиялық стартаптарға арналған қарапайым тұтынушылық тауар екенін айтып ақталған болатын. Сонымен қатар компания Ресей нарығына тікелей ешқандай тауар сатпайтынын мәлімдеді.
«Ресейдің бұл озық құрылғыларға қалай қол жеткізіп отырғанын анықтау қиын емес: зерттелген ресейлік соққы беруші дрондар мен зымырандардың ішкі платаларында анық түрде „Made in China“ деген таңба тұр. Ресей әскери-өнеркәсіп кешені санкция салынған америкалық микрочиптерді Қытайдағы делдалдық арналар арқылы еш кедергісіз алып отыр».
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:«Цифрлық жиһад»: «Хорасан уәлаяты» жасанды интеллектіні қалай игеріп жатыр?→
«АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнген үлкен сатқындық»
The Atlantic сарапшысы, Пулитцер сыйлығының лауреаты Энн Эпплбаум атап өткендей, Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуангтың (Jensen Huang) айналасында өршіп жатқан соңғы шу — бұл жай ғана корпоративтік немесе тыңшылық интрига емес. Бұл — супердержаваның ұлттық қауіпсіздігін жеке мүдде мен корпоративтік пайдаға айырбастап, америкалық озық технологияларды диктаторлық режимдердің қолына ұстатып қойған ауқымды саяси дағдарыс.
Дональд Трамп әкімшілігінің Nvidia компаниясына Қытай нарығына қарай чиптер экспортын жеңілдетуге ниет білдіруі және бизнес мүддесінің алға шығуы аталған шиеленісті одан сайын ушықтырды. Қазірдің өзінде қытайлық делдал компаниялар АҚШ-тың ресми шектеуіне іліккен аса қуатты жасанды интеллект чиптерін ресейлік сатып алушыларға жасырын түрде ұсынып жатқаны анықталған.
«Америкалық технология алыбы жасаған жойқын қуатқа ие чиптер мен жасанды интеллект компоненттері тек Қытайға ғана емес, бүкіл автократиялық лагерьге — Ресейге, одан әрі Иран мен Солтүстік Кореяға еш қиындықсыз жетіп жатыр. Мұндай қарулы технологиялар ертең АҚШ-тың өз одақтастарына қарсы бағытталады».
Диктаторлардың жасанды интеллект желісі
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі әлемдегі автократиялық жүйелер бір-бірімен ортақ пайда мен клептократиялық схемалар арқылы мызғымас байланыс орнатқан. Ресей майданда америкалық микроэлектроникамен жарақталған қаруларды сынақтан өткізіп жатса, сол технологиялық шешімдер келесі кезекте Тегеран мен Пхеньянның әскери базаларынан табылмақ.
Батыс елдері ішкі саяси тартыстармен, тарифтік даулармен және коммерциялық лоббизммен айналысып жүргенде, Кремль мен Бейжің заманауи соғыстың тағдырын шешетін цифрлық артықшылықты Батыстың өз қолынан сатып алып үлгерді. The Atlantic жазғандай, технологиялық жарыста пайданы ұлттық мүддеден жоғары қоюдың соңы Батыстың әскери басымдығын түпкілікті шайқалтуы әбден мүмкін.