Жасөспірім шақта картоп чипстері, тұзды попкорн және түрлі қытырлақ тіскебасарларды шамадан тыс тұтыну есейгенде ас қорыту жүйесінің емделмейтін созылмалы дерттеріне ұшырау қаупін еселеп арттырады. Бұл туралы әлемдік медициналық Gut ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу дерегіне сүйеніп Drugs.com және шетелдік басылымдар хабарлады, деп жазады Qazyr.kz тілшісі.
Швециядағы Гётеборг университетінің Медицина институтының ғалымы, доктор Анни Го (Annie Guo) бастаған халықаралық зерттеушілер тобы Норвегия, Дания және Швецияда 1996–2009 жылдар аралығында дүниеге келген 111 999 қатысушының тамақтану әдеті мен денсаулығына 12 жылдан 17 жылға дейін ұзақ мерзімді бақылау жүргізген.
«Зерттеу барысында 112 мыңға жуық жастың арасында ішектің созылмалы қабынуының (IBD) 653 жағдайы тіркелген. Тұзды тіскебасарларды ең көп пайдаланған жасөспірімдерде ішектің созылмалы дерттеріне (IBD) шалдығу қаупі 32%-ға, ал өмір бойы емделуді қажет ететін ойық жаралы колит (ulcerative colitis) дертіне ұшырау қаупі 51%-ға жоғары болған», — деп көрсетеді зерттеушілер.
📌 ТАҚЫРЫП БОЙЫНША ОҚЫҢЫЗ:«Цифрлық жиһад»: «Хорасан уәлаяты» жасанды интеллектіні қалай игеріп жатыр?→
Бала кездегі балық пен жеміс қорғаныс бола ала ма?
Ғалымдар зиянды тіскебасарлармен қатар, пайдалы тағамдардың да әсерін егжей-тегжейлі сараптаған. Талдау көрсеткендей, балалық және жасөспірімдік шақта жеміс-жидек пен балықты жиі жегендерде Крон ауруының (Crohn's disease) даму қаупі айтарлықтай төмендеген.
Атап айтқанда, 7–8 жасында балықты тұрақты жеген балаларда Крон дертіне шалдығу қаупі 35%-ға азайса, жасөспірім шағында жеміс-жидекті молынан тұтынғандарда бұл қауіп 43%-дан 64%-ға дейін төмендейтіні анықталды. Бұл жемістердегі табиғи жасұнық (клетчатка) пен балық майындағы Омега-3 қышқылдарының ішек микрофлорасын қорғап, қабынуды тежейтін қасиетімен түсіндіріледі.
«Батыстық тамақтану салтының — ультраөңделген, тұзы мен қаныққан майы тым көп өнімдердің жастар арасында кең таралуы ас қорыту жолдарының микробиомасын бұзып, жасырын қабыну процестерін қоздырады. Біздің зерттеу балалық шақтағы ас мәзірі болашақтағы қауіпті аурулардың алдын алуда шешуші фактор екенін көрсетеді», — деп атап өтті доктор Анни Го.
Ата-аналар мен жастарға не істеу керек?
Сарапшылардың пікірінше, ішектің қабыну аурулары (Крон ауруы мен ойық жаралы колит) — адамның ас қорыту жолын қатты зақымдайтын, іштің ұдайы ауыруына, қан кетуге және асқынуларға әкелетін толық айықпайтын күрделі дерттер. Бұл аурулар соңғы онжылдықта жастар арасында жиілеп кеткен.
Дәрігерлер мен нутрициологтар жасөспірімдердің күнделікті рационынан қытырлақ чипстерді, тұздалған фастфудтар мен жартылай фабрикаттарды мейлінше азайтып, олардың орнына жаңа піскен жемістерді, көкөністерді және теңіз өнімдерін енгізуге кеңес береді.