Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) аралық отырысын өткізді, деп хабарлайды Qazyr.kz тілшісі. Жиында халықаралық бизнестің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысуы, инвестициялық саясатты жетілдіру және кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын одан әрі жақсарту мәселелері жан-жақты қаралды.
Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылдың, соның ішінде Мемлекет басшысы еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша қойған стратегиялық міндеттерін жүзеге асырудағы рөлі айрықша екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда өзінің Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңартудың стратегиялық бағытын айқындады. Осы орайда республиканың барлық өңірін қамтитын «Халықтық құрылыс» бағдарламасына айрықша мән беріліп отыр. Алдағы 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануының символдық мәні зор. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы мен ауқымы жекелеген нысандардың құрылысымен шектеліп қалмайды. Шын мәнінде, Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалануда», – деді Үкімет басшысы.
Инвестициялық экожүйе және «Бәйтерек» холдингі
Жиында еліміздің озық инженерлік шешімдерге, құрылыстың заманауи стандарттарына және тиімді басқару тәжірибелеріне, сондай-ақ экспорттық әлеуеті мол құрылыс материалдары, жабдықтар мен жинақтауыштардың бірлескен өндірісіне мүдделі екені атап өтілді.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде инвестиция тарту және сүйемелдеу жүйесін ауқымды түрде жаңартып жатыр. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ҰИХ негізінде инвесторлармен жұмысты бірыңғай үйлестіру, сондай-ақ Kazakh Invest ұлттық компаниясын холдинг құрамына беру және бірыңғай фронт-офис құру көзделген. Бұл қадам инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеуге және қаржыландыру құралдарына кедергісіз қол жеткізуге жол ашады.
Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды тарту бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар инвестицияларды құқықтық қорғау мәселесіне, соның ішінде Мемлекет басшысының халықаралық озық тәжірибені қолдана отырып, Алатау қаласында арнайы инвестициялық сот құру жөніндегі бастамасына жиында ерекше назар аударылды.